Жылап сөйлесті: 5 жыл бұрын шетелге жұмысқа кеттім деген ер адам із-түссіз жоғалып кетті

Жылап сөйлесті: 5 жыл бұрын шетелге жұмысқа кеттім деген ер адам із-түссіз жоғалып кетті
26.02.2025 09:05
0
84
Ашық дереккөз

Қызылорда тұрғыны Мағауия Қашқынбаева 5 жыл бұрын Ресейге жұмыс іздеп кеткен бауыры Елнұр Қашқынбаевты табу үшін қазақстандықтардан көмек сұрап отыр.

"Інім жылап сөйлесті, бірақ қайтудан бас тартты"

Мағауияның айтуынша, Елнұр бұған дейін де шетелде жұмыс істеген. Ол 6 жыл бойы Кореяда еңбек етіп, отбасылық жағдайына байланысты үйленбей, туғандарына көмектесуге тырысқан. 2020 жылы ақша табу үшін Ресейге жол тартып, қасында таныс досы болған.

“Алдымен Самараға барды, кейін Ростовқа көшетінін айтты. Сол уақытта менен 15 мың теңге сұрағаны есімде. Видео хабарлама арқылы сөйлескенімізде інімнің көңіл күйі жоқ екенін байқадым. Жылап сөйлеп, 'жүк тасып жұмыс істеп жүрмін, қиналып кеттім' деген еді. Біз елге қайтуын сұрадық, бірақ ол 'ақша табуым керек' деп көнбеді”, – дейді Мағауия.

"Қараңғы жертөледе тұрғандай көрінді"

Соңғы сөйлескен сәтінде Елнұрдың жүдеп кеткенін, қараңғы жерде тұрғандай әсер қалдырғанын әпкесі ерекше атап өтті.

"Ол жігіттермен бірге пәтер жалдап тұратынын айтты. Бірақ түрі қашып кеткен, жағдайы нашар көрінді. Содан кейін інім мүлде байланысқа шықпады. Телеграм мен WhatsApp-қа жазған хабарламаларыма жауап бермеді. Кейін телефон нөмірі де істен шығып кетті”, – дейді Мағауия.

Миграциялық полицияға арыз берілді

Елнұр Қашқынбаевты іздеп табу үшін отбасы миграциялық полицияға арызданған. Алайда бүгінге дейін ешқандай хабар жоқ.

“Соңғы рет сөйлескенде менің 'елге қайт' деген сөзіме ренжіген сияқты көрінді. Мүмкін, осы себепті байланысқа шықпаған шығар деп ойладым. Бірақ арада біраз уақыт өтсе де ешқандай хабар болмаған соң алаңдай бастадық. Қазір қандай да бір жаңалық күтудеміз”, – дейді әпкесі.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий