Әскерде зардап шеккен Ербаян Мұхтарды емдеуге Еуропаға алып кетеді

0
111

Әскерде зардап шеккен Ербаян Мұхтарды емдеуге Еуропаға алып кетеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Жинап берген ақшаға емдетіп, баламның орнынан тұрғанын қалаймын. Үкіметтен де көмек сұрап, Ақмарал Әлназаровамен (денсаулық сақтау министрі) кездестік. Уәде берді, сол уәдесінде тұрса деймін», – дейді Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева.

Министр Әлназарова Ербаянды жеткізіп беру мәселесін қарастырып, жақын уақытта жауабын айтамын деп уәде берген.

«Германияның клиникаларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ең мықты деген екі-үш клиника Ербаянды қабылдаймыз деп отыр. Халық жинап берген қаржының жартысы ұшақпен жеткізуге кетейін деп тұр. Мемлекет тарапынан жеткізу жағына көмек болмаса, қаржы тапшылығына байланысты емді аяғына дейін ала алмаймыз», – дейді Ербаянның әкесі.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматының әскери бөлімінде 4 ай комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтар шетелде емделуі мүмкін екенін айтқан болатын.

«Науқастың (сарбаз Ербаян Мұхтар) денсаулығы бақылауымызда. Ол миынан ауыр жарақат алған. Науқасқа операция жасалды. Одан кейін науқас нейрохирургия орталығында 26 күн оңалтудан өтті. Тиісті ұсыныстармен науқас үйге шығарылды. Бүгінде науқасқа емхана мен денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызметкерлерінің бақылауымен жергілікті деңгейде тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді Ақмарал Әлназарова Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министр сарбаз Ербаян Мұхтар шетелде емделуі мүмкін екенін айтып қалды.

«Біз науқастың анасымен байланыстық. Оңалтуға жолдама дайындалды. Алайда шетелдегі клиникалар (науқасты қабылдайтынын-қабылдамайтынын) растаған жоқ.

«Ата-аналар іздеп жатыр. Біз өз тарапымыздан оңалтуды жалғастыруға дайынбыз. Кеше ғана консилиум өткізілді. Қорғаныс министрлігінің күшімен емдік массаж жасайтын маман, медбике жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Денсаулық министрлігі тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатыр», – деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, ата-аналар тарапынан келісім болса, министрлік стационар жағдайында оңалтудың екінші кезеңін бастауға дайын.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі 4 ай комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтарға қатысты пікір білдірген еді.


ПІКІР ЖАЗУ