Қазақстан неге Қашаған акционерлерінен $150 миллиард талап етіп отыр

0
76

 

Бастапқы 15 миллиард долларды бірнеше талаппен түсіндіруге болады. Біріншісі –қоршаған орта, екіншісі – өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) бойынша Қазақстан өтегісі келмейтін шығындар. Бұл мәселелер бұрын да болған, бұл жаңалық емес. Яғни, бұрын мұндай даулар шешіліп, ымыраға келетін.

Қашаған ӨБК дегенге келетін болсақ, келісімшартқа қосымша келісім бойынша өтемақы деген ұғым бар. Негізінде бұл тіркелген құжат және егер қазақстандық тарап онымен келіссе, онда өтемақы үшін қосымша келісімдер де қолданылады.

Сондай-ақ Letter of intenent (​​Letter of intent – ағылшын тілінен аударғанда ниет хаты, ред.) деген құжат бар. Жобаға қатысатын компаниялар «Қашаған жобасының мердігерлері» деп аталады. Letter of intent немесе ниет хаты – мердігер компаниялардың жобаға құюы керек деп санайтын инвестициялары. Бірақ бұл құжат ӨБК-де заңды түрде ресімделмеген, сондықтан бұл тәуекел аймағы болып қалады.

Тәжірибеге сүйенсек, мердігер компаниялар ниет хатын қосымша келісімге қосады. Тиісінше, бұл инвестициялар да өтеледі деп саналады.

Бәлкім, мәселенің бәрі осында шығар, компаниялар белгілі бір деңгейде инвестиция салды, кейін оны қайтару керек деп есептеп отыр, бірақ Қазақстан тарапы мұнымен келіспеді. Мұнда ешқандай сұрақ жоқ.

Неге талап-арыз сомасы $138 миллиардқа өсті? Менің ойымша, бұған бірнеше факторды атауға болады. Біріншіден, Президенттің 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыру керек деген тапсырмасы бар. Ал, соңғы 2-3 жылда бұл салаға инвесторлар белсенді түрде тартылмағанын көріп отырмыз. Айта кетейік, Теңіз кенішін кеңейту жобасын есепке алмаймыз, өйткені ол бұрын жоспарланған және осы жоба аясында Қазақстанға үлкен инвестиция келді.

Сонымен қатар, Қатармен бірқатар ауызша келісім бар болғанымен, әзірге ешқандай нақты шешім жоқ. Егер Қатар айнып қалса, келіспесе, бас тартуы да әбден мүмкін. Сондай жағдай болса, ЖІӨ-ні қалай арттыруға болатынын қайта ойлану керек. Сондықтан 138 миллиард долларды талап ету Президенттің ЖІӨ-ні ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді.

Мұнайдың қазіргі бағасы мен талап-арыздың көлеміне қарайтын болсақ, бұл шамамен 250 миллион тонна мұнай дегенді білдіреді. Ал кен орнындағы қазiргi өндiрiстi ескере отырып, бұл Қашағандағы шамамен 15-20 жылдық өндiрiс көлемі деп болжауға болады. Мердігер компаниялар 2005 жылы коммерциялық өндіріс болады деп уәде еткен, содан кейін 2008 жылға шегерді, одан соң 2013, сосын 2016 жылға ауыстырды. Бұл тұрғыда аталған сома соның өтеміне сәйкес келеді. Яғни, 20 жыл өндіру дегеніміз 250 миллион тонна және бұл шамамен 138 миллиард доллар болады.

– Яғни, 138 миллиард доллар – Bloomberg жазғандай,lost profit (ағылшын тілінен – жоғалған пайда, ред.) па?

– Пайда деген өте кең ұғым. Ал, бұл жағдайда мұнай сатудан көретін пайда десек, онда, иә. Олар мұнай сатудың өзінен ғана 138 миллиард доллар жоғалтты, бірақ бұл жерде бір жайт бар: егер Қазақстан осы 250 миллион тоннаны өндіре алған болса, сәйкесінше Қазақстанға төленетін төлемдер (profit oil) көлемі де баяғыда өсер еді.

Мұндай жобаларда бірінші кезекте инвесторлардың шығындары өтеледі, ал өндірістен пайданың аз ғана бөлігі бонус ретінде кетеді. Оның үстіне бұл бонус та өте аз үлесті құрайды – Қазақстанға шамамен 2% тиесілі. Бұл – қазіргі ахуал. Егер Қазақстан мұны баяғыда өндірген болса, едәуір бөлігі біздің елге тиер еді. Түсінікті болу үшін Қарашығанақты мысалға алайық, инвесторлар жобаға салған қаражатын 2009 жылы өтеп алған. 2010 жылдан бері Қарашығанақ жобасынан түсетін пайданың басым бөлігін инвестор емес, Қазақстан алады.

Мұның ерекшелігі де сол. Инвесторлар кейін көбірек мұнай алып отыру үшін мүмкіндігінше көп инвестиция салғысы келеді.

$55 млрд – Егер Қазақстан Қашаған жобасына құйылған осы инвестицияны өтей бастаса, шамамен 15-20 жыл кетеді. ӨБК (өнімді бөлісу туралы келісім) мерзімі 30 жылдардың соңы – 40 жылдардың басында бітеді, біз қазір сол кезеңге аяқ басып жатырмыз. Яғни, 55 миллиард доллар инвестиция салынды, ол 20 жыл ішінде өтеледі, ал Қазақстан енді максималды пайда алуы керек болғанда, ӨБК бітіп қалады.

Демек бүкіл жоба – тек инвесторлар үшін пайдалы. Шығындарын өтеп алып, максималды табысқа кенеледі. ал Қазақстан түк пайда таппайды.

Осы факторлардың бәрі қордаланып келді. Бұл жобадан жұмыс орындарын есепке алмасақ, басқа ешқандай пайда таппаймыз. Менің ойымша, бизнес тұрғысынан бұл жобаны жүзеге асыратындай маңызды фактор емес.

Мысалы, қазір полиэтилен жобасында 2 мың жұмыс орны ашылады деп айтылып жатыр. Бірақ олар 2 мың адам жұмыс істеуі үшін 8 миллиард доллар инвестиция салмақшы – бұл ақымақтық қой.

Мұнда да солай: Қашағанда жұмыс орындары бар, қазақстандық сервис компаниялары да жұмыс істеп жатыр, бірақ кез келген бизнестің мақсаты – пайда табу. Қазақстан пайда таппаса, демек Қазақстан үшін бұл тек шығын әкелетін жоба.

– Сіз пайда қалай есептелетінін айттыңыз. Бірақ мұнай секторымен таныс емес адамдар үшін ӨБК тұжырымдамасы түсініксіздеу болуы мүмкін. Кірістер мен шығыстар қалай есептелетіні туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? Ал Қарашығанақ жобасы сәтті жүзеге асқанын ескерсек, Қашағанда неге дұрыс есептеу жүргізілмеді? Неге мұндай жағдай болып қалды?

– Жалпы өнімді бөлу туралы келісімде(ӨБК) шығындарды өтейтін есептер жасалатын формула бар. Бұл барлық ӨБК-де шамамен бірдей, өйткені бүкіл әлемде бірыңғай ӨБК институты қолданылады. Сондықтан әлемнің әртүрлі еліндегі барлық ӨБК ұқсас. Әрине, кейбір нюанстар болуы мүмкін. Бірақ ӨБК-нің негізгі міндеті – жобаға салынған инвестиция қай кезеңде өзін ақтайтынын көрсету. Жоғарыда айтқанымдай, коммерциялық мұнай өндіруден түскен пайда алғашқы жылдары инвесторлардың «қалтасына» кетеді. Ал, оның өтелу мерзімі, біріншіден, мұнайдың бағасына, екіншіден, инвестиция көлеміне, үшіншіден, формаға байланысты.

Пайданың көп бөлігін Қазақстан немесе инвестор алуына түрткі болатын белгілі бір коэффициент бар. Қарапайым сөзбен айтқанда осылай түсіндіруге болады. Мердігер компаниялар коммерциялық мұнай өндіруді кешіктірді, бірақ олар Қазақстан тарапынан құжатқа қатысты қиындықтар болды деген уәж айтып отыр.

– Сіздің ойыңызша, бұл талаптар шешімін таппаса, қазіргі сот процесінің екі тарап үшін қандай салдары болуы мүмкін?

– Егер арбитраждың шешімі Қазақстанның пайдасына шешілсе, мұнай компаниялары үшін бұл олардың жобаға салған инвестициясын қайтара алмайтынын білдіреді. Яғни, 55 миллиард доллар мен 138 миллиард доллар – осындай айырмашылықты көріп отырмыз.

Яғни, бұл мұнай компаниялары үшін үлкен шығын болмақ. Екіншіден, шығу процесінің ұзақтығына қарамастан серіктестердің бірі жобадан шыққысы келетін шығар. Оның үстіне, оларға бұл енді соншалық «қызық жоба» болмай қалады.

Ал Қазақстанның талаптарын арбитраж қанағаттандырмаса, онда Қазақстан туралы «өзі сотқа береді және ұтылады» деген пікір қалыптасуы мүмкін. Бұл, біріншіден, инвестициялық ахуал тұрғысынан емес, арызданушы ретінде жеңілгеннің белгісі. Екіншіден, кейін бұл компаниялармен қарым-қатынас жақсара қоймайтыны түсінікті.

Жалпы, дауға байланысты үлкен мәселелер туындайды деп ойлаймын. Өйткені бизнес әрқашан қалай ақша табу керек деген көзқараспен қарайды. Бұл талаптарды Қазақстанның пайдасына да, оған қарсы да түсіндіруге болады. Бірақ кез келген кәсіпкерге Қазақстан қандай кірістен айырылып жатқанын түсіндірсеңіз, бәрі де келіседі – мемлекет өз азаматтарына қамқорлық жасап отыр және бюджетке қатысты оның мүддесін қорғайды.

ӨБК институтының өзіне келетін болсақ, еліміз қазір Қазақстанның мүддесін ескеретін келісімшарттың жаңа түрін – «жетілдірілген үлгілік келісімшартты» қолданып жатыр. Бұрынғы ӨБК-де басқа цифрлар, Қазақстан экономикасының жағдайы басқаша, қажеттіліктер басқа болды.

Батыста қазір көміртегі салығы енгізіліп жатқанын ескерсек, менің ойымша, біз 30 жыл бұрын қол қойылған келісімдерді бұлжытпай ұстануымыз керек деу – әділетсіздік. 30 жыл бұрын мұндай ұғымдар болған жоқ. Париж келісімін ескеретін болсақ, бүгінде өзекті емес ӨБК-ні сақтау үшін Қазақстан неліктен өзінің экономикалық жағдайын нашарлатуы керек? Не себепті біз ешқандай түзетулер енгізбей, оны бұрынғыдай орындауымыз керек?

Екінші мәселе, Қарашығанақ жобасында да, Қашағанда да ӨБК өзгертілді, яғни прецедент болды.

2010 жылы Қарашығанақ бойынша дау болған. Соның нәтижесінде Қазақстан Қарашығанақта 10 пайызын алды. Бұл арбитраждағы алғашқы дау болатын. Екінші жағдайда, Қазақстан Қашаған жобасындағы үлесін 8-ден 16%-ға дейін ұлғайтып алды.

– Жалпы, бұл арбитраж қанша уақытқа созылады немесе қандай сценарий күтуге болады?

– Арбитражға кемінде бір жыл, мүмкін бірнеше жыл қажет. Яғни, бұл ұзақ талқыланатын нәрсе. Бұл жерде Қазақстан өз позициясын нығайтуы керек. Өйткені олар ӨБК шарттарын ұзарту туралы көп айта бастады. Тиісінше, Қашағандағы инвесторлардың бұған мүдделі емес екені анық. Біз ӨБК мерзімін ұзарту туралы мүлде талқыламайтынымызды нақты айту керек.

Яғни, біз 150 миллиард доллар туралы шешім қабылдауымыз керек, содан кейін нәтижеге сүйене отырып, ұзартуды қарастыруға болады. Егер ол болмаса, біз Қашағандағы жұмысты қалай жалғастырамыз деген өз стратегиямызды құруымыз қажет.


ПІКІР ЖАЗУ