Тікелей эфирдегі ойынның соңы түрмемен аяқталды: Блогер 90 млн теңге табыс тапқан

03.10.2026 • 09:13 Қарақат АСЫЛОВА
Тікелей эфирдегі ойынның соңы түрмемен аяқталды: Блогер 90 млн теңге табыс тапқан
294
Ашық дереккөз

Ақмола облысының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу дерегінше, әйел Instagram желісіндегі тікелей эфирлерде карта ойынын өткізіп, бір жыл ішінде 90,6 млн теңгеден астам заңсыз табыс тапқан.

Іс материалдарына сәйкес, ол арнайы аккаунт ашып, ақша тігілетін онлайн ойындар туралы хабарландырулар жариялаған. Қатысушылар әр ойынға 100-ден 2100 теңгеге дейін ставка жасаған. Бір раундқа төрт адам қатысып, ең жоғары карта түскен ойыншы жеңімпаз атанған. Жиналған ақшаның белгілі бір бөлігін ұйымдастырушы комиссия ретінде өзіне қалдырып, қалғанын жеңімпазға аударып отырған.

Сот әйелді кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар прокуратураның талабы бойынша заңсыз жолмен алынған 90,6 млн теңгеден астам қаражат мемлекет пайдасына өндірілетін болды.

Прокуратура интернетте, оның ішінде Instagram және TikTok платформаларында тиісті рұқсатсыз құмар ойындар ұйымдастыру қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұндай құқық бұзушылық үшін мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий