Атырауда көлік иелерін 1,1 млрд теңгеден астам шығынға батырған автосалон ісіне қатысты үкім шықты

03.10.2026 • 10:10 Қарақат АСЫЛОВА
Атырауда көлік иелерін 1,1 млрд теңгеден астам шығынға батырған автосалон ісіне қатысты үкім шықты
281
Фото: Stan.kz

Атырауда ондаған адам көлігінен де, ақшасынан да айырылған автосалонға қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Ақ Жайыққа” сілтемемен.

Сегіз айға жуық уақытқа созылған сот процесінде 100-ден астам куәгерден жауап алынған.

Атырау қалалық №2 соты екі сотталушыны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сот мәліметінше, іс бойынша келтірілген жалпы материалдық шығын 1 млрд 147 млн 800 мың теңгені құраған. Сотталғандарға бұл қаражатты жәбірленушілерге өтеу міндеттелді.

Тергеу материалдарына сәйкес, автосалон қызметкерлері көлігін сатуға қойған азаматтармен байланысып, машинаны қысқа мерзімде әрі тиімді бағаға сатып беруге уәде еткен. Көлік иелеріне ақшаның 10 жұмыс күні ішінде берілетіні айтылған.

Алайда құжаттарды рәсімдеу кезінде көліктер салон қызметкерлерінің немесе үшінші тұлғалардың атына өткізіліп, кейін басқа адамдарға қайта сатылған. Нәтижесінде бастапқы иелері көліктерінен айырылып, уәде етілген ақшаны да ала алмаған.

Бұл жағдай 2025 жылдың тамызында қоғам назарына ілікті. Сол кезде Атырау облысының 90-нан астам тұрғыны полицияға арызданған. Кейін жәбірленушілер саны өсе түсті. Олардың автосалонға тапсырған көліктерінің құны шамамен 7 млн-нан 30 млн теңгеге дейін болған.

Іс барысында кейін бұл машиналарды заңды түрде сатып алған азаматтар да қиын жағдайға тап болды. Тергеу кезінде бірқатар көлікке шектеу қойылып, кейбірі айып тұрағына жеткізілген. Жаңа иелердің арасында көлікті несиеге сатып алғандар да болған.

Сот екі сотталушыға алты жыл бойы коммерциялық ұйым құруға, оларды басқаруға және материалдық жауапкершілікке байланысты қызметтер атқаруға тыйым салды.

Жаза мерзімі 2026 жылғы 1 қазаннан бастап есептеледі. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым берілуі мүмкін.

Ендігі басты мәселе – жәбірленушілерге 1,1 млрд теңгеден астам шығынның нақты қайтарылуы және басқа адамдар сатып алған көліктердің тағдыры қалай шешілетіні.

Войдите, чтобы оставить комментарий