Бас мүфтидің жүріп-тұруына өңір имамдары ақша жинайды – журналист

0
124

Түркістан облысына Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов келген сайын өңірдің бас имамы Ержан Төлепов өзге молдалардан ақша жинап, оларды әбден мезі қылған, деп жазды журналист Ораз Әлімбеков Facebook-тегі парақшасына. Алайда ол сөзді имамның өзі дереу жоққа шығаруға тырысты.

Түркістан облысының имамдары «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Ержан Төлепов ақша жинап, әбден қанымызды ішіп бітті» деп хабарласты. Мысалы, Бас мүфтидің қаңтар айының соңында Түркістанға барған 2 күндік ресми сапарына арнап облыстағы 17 аудан және қала имамдарының әрбірінен 150 мың мен 300 мың теңге аралығында ақша жиналды, – дейді жазба авторы.

Оның айтуынша, аудан имамы қарапайым молдаларға салмақ салатын көрінеді.

Олар ақша іздеп тентіреп кетеді… Осылай жиналған қаржыны аудан имамдары бас имам Е. Төлепов пен оның іс басқарушысы қызметін атқаратын Алимханның каспиголдына аударып тұрды (дәлелді чектердің көшірмесі төменде тұр). Кейбірі қолма-қол ақша әкеп берді. Мысалы, Созақ ауданының бас имамы Мейрамбек қажы облыстың бас имамына қолма-қол 150 мың теңге әкеп беріп, кейін «бұл аз» деген соң 130 мыңды каспиголдына аударған, – дейді Ораз Әлімбеков.

Бұл қаржының бәрі Түркістанға сапарлап келген Бас мүфтидің ұшақпен ары-бері ұшуына, қымбат қонақ үйде тұрып, қымбат мейрамханадан ауқаттануына жұмсалады-мыс.

Хазірет мүбәрек жүзін түркістандық жамағатқа көрсеткені үшін де хадия (сыйлық) беріледі. Оның парқы мен нарқы – 2 млн теңге. Әрине, жиналған ақша түгелімен Бас мүфтидің Түркістанға келіп-кетуіне жұмсалмаған шығар. Бірақ облыстың бас имамы Е. Төлепов қанша ақшаның қайда жұмсалғаны, қанша ақшаның артылып қалғаны жөнінде қарапайым молдаларға есеп берген емес, бермейді де, – дейді журналист.

Оның себебін әріптесіміз Бас мүфтидің Ержан Төлеповті аттай қалап, осы облысқа былтыр көктемде бас имам қылып қойғанымен түсіндіреді. Алайда облыстың бас имамының өзі пост астына жазған пікірінде бұл ақпаратты жоққа шығарып, оның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Осы ретте айта кетер жайт, имамдар тиімді бағамен мешіт арқылы газет-журналға жазылады. Кейбір дін қызметкерлері білместікпен каспи голд арқылы газет-журнал ақшасын маған аударған екен. Болған жағдайға байланысты арнайы жиналыс өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Осы жағдайды негіз еткен жазба авторы оқырмандардың көкейіне күмәнді ойлар салып, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратыпты. Автордың шектен шыққан ісін өзінің ары мен ұятына қалдырамыз, – дейді Ержан Төлепов.

Сондай-ақ имам оқырманды тек расталған ақпарат көздерінен ғана мәлімет алуға шақырды. Бірақ онымен шектелмеген Ораз Әлімбеков артынша қарағандылық имам Жанарбек Мамбардың мәлімдемесін жария етті.

Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов өңірге келіп-кететін мүфтият басшыларының шашбауын көтеруге үнемі миллиондап ақша жинайтынын мойындамай, ондақ-мұндақ деп сылтау айтып, басын алып қашып еді. «Айран» YouTube арнасында қарағандылық имам Жанарбек Мамбар ҚМДБ жүйесінде қарапайым имамдардан ақша жинау дәстүрі бар екенін жайып салды. Ол – мүфтияттың жөнсіз қылығын ашыққа шығып, тайсалмай айтқан бірінші имам. Осыдан кейін мүфтият пен Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің қоясын ақтару үрдісі күшейеді деп сенеміз, – дейді журналист.
Айта кетсек, автор қазір ҚМДБ басшыларына қатысты сериялық посттар легін бірінен соң бірін тоқтаусыз жариялауға көшкен.


ПІКІР ЖАЗУ