Бізден шикізат, сізден технология: Қазақ-корей бизнес форумында 18 құжатқа қол қойылды

0
96

Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстандағы мемлекеттік сапарының алғашқы күнінде өткен   Қазақстан-Корей бизнес форумына қос елдің басшылығымен бірге 500-ден астам бизнес өкілі мен 50-ден астам ірі кореялық компанияның делегациялары  қатысты,-деп хабарлайды politico.kz

Президент ұсынған прагматикалық формула

Форумның ашылуында сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан нарығында Оңтүстік Кореяның 700-ден астам компаниясы жұмыс істейтінін, олардың қатарында Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan секілді жаһандық корпорациялар бар екенін атап өтті.

Биыл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсімін Азия беретіні туралы болжамдар бар екенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы Оңтүстік Корея «Азияның қайта өрлеуінде» ең маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

Қазақстан өзінің шикізат әлеуетін экономиканы күрделендіріп, жоғары технологияларды меңгеруге жұмсауға дайын. Форумға келген «Таңғы жұпар елінің» іскер азаматтары Президент Қ.Тоқаевтың сөзінен осындай ой түйіп қайтты.

«Енді әріптестіктің анағұрлым келешегі зор бағыттары туралы пайымымызды таныстыруға рұқсат етіңіздер. Бірінші — біздің экономика үшін маңызды салалардағы кооперацияның арттыру. Бұл — жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп. Мұнай-газ саласында бізге оңтүстіккореялық технологияның толыққанды трансфертін жасап, заманауи қондырғылар мен қосалқы бөлшектердің өндірісін жолға қою маңызды. Біздің Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ кен орындарымыздың кеңейіп жатқанын ескерсек, бұл өте қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда 5 мыңға жуық барланбай жатқан кен орны бар екені де айтылды. Астана бұл игілік көздерін «Инвестициялар мен технологиялар — шикізат орнына» формуласы арқылы игеруге ниетті.

Шығыс Қазақстан облысында литий кен орны бар екені туралы мәліметтер кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Бұл жер бетінде сирек кездесетін металдың бірі болып есептеледі. Ал Мемлекет басшысының сөзінше, 2040 жылға қарай әлем бойынша сирек металға деген сұраныс 4 есе өспек.

«Сарапшылардың бағалауынша, 2040 жылға қарай сирек металдарға деген әлемдік сұраныс 4 есе өседі. Біз Оңтүстік Корея үшін экономиканы орнықты дамытуға қажет шикізат пен материалдар жеткізу арқылы сенімді серіктес бола аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аталған орынды игеруге кореялық компаниялар да қызығушылық танытып отыр.

«KIGAM, SK Eсoplant сияқты Қазақстандағы литий кен орнын игеру арқылы жоғары өнім шығаруға қызығушылық танытып отырған оңтүстіккореялық серіктестермен әріптестікті жалғастыруға дайын екенімізді білдіреміз», – деді Мемлекет басшысы.

Көлік кластерінен газ энергетикасына дейін

Форумда Kia компаниясы Қазақстанды өз зауытын Кореядан тыс аумақта зауыт салатын алғашқы ел ретінде таңдағаны да айтылды. Қ.Тоқаев мұны автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіп кооперациясы деп бағалады.

«Қазірдің өзінде Қазақстанда Hyundai маркалы автомобильдер табысты құрастырылып жатыр. Келесі жылы инвестиция көлемі 200 млн доллар болатын, толық тізбекті Kia зауытының іске қосылғанын күтіп отырмыз», – деді Президент.

Кореялық көліктердің бөлшектері де Қазақстанда өндірілуі мүмкін. Sejong, EHWA, Yongsan, Motrex компаниялары біздің елде автобөлшек өндірісінің кластерін құруды жоспарлап отыр.

Оңтүстік Корея десе еске әуелі Samsung бастаған тұрмыстық техника өндірушілер, заманауи автокөліктер мен K-pop негізіндегі креативті индустрия түседі. Қазақ-корей ықпалдастығы бұлардан әрі асып, энергетика бағытына да ойысатын түрі бар. Нақтырақ айтсақ, Doosan Enerbility компаниясының Түркістан және Атырау облыстарында газ электр стансасын салмақшы.

«Жаһанда энергетика көздерінің ауысып жатқанына байланысты жасыл энергетика саласында әріптестік аясын кеңейту барған сайын өзекті болып келеді. Бүгінде Қазақстанның баламалы энергетика саласындағы айтарлықтай әлеуеті көптеген жаһандық ойыншылардың назарын аударып отыр. Оңтүстіккореялық компаниялармен осы бағыттағы ықпалдастық тәжірибе алмасудан нақты жобаларды іске асыруға, технологиялар трансфертіне дейін жоспарлы түрде кеңейтілетініне үміттенеміз», – деді Мемлекет басшысы.

«Ақылды ферма» және «ақылды қала»

Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық әріптесі Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне «ақылды ферма» технологиясын енгізуді ұсынғанын айтады. Президент бұл технологияны біздегі жылыжайларға пайдалануға болады деп отыр.

«Бүгінгі келіссөз барысында Корея Республикасының Президенті Қазақстанды «ақылды ауылшаруашылық фермалар» қағидасына негізделген технологиямен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс жасады. Менің ойымша, бұл — өте жақсы ұсыныс және біз осы жобаны жүзеге асырумен айналысамыз. Оңтүстік Кореяның ауыл шаруашылығындағы жасанды зейінге, робот техникасы мен биотехнологияға негізделген инновациялық технологияларын енгізуге аса мүдделіміз. Әсіресе тиімділігі жоғары, «ақылды» жылыжай салу тәжірибесі біздің фермерлердің арасында сұранысқа ие», – деді Президент.

«Ақылды» технология ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырса, қаладағы тұрмысты жайла ете түседі. Сингапурмен бірлескен жоба аясында Alatau City ақылды қаласы ірге жаятынын айтқан Президент Қ.Тоқаев кореялық девелоперлер де осы жобаға атсалысса деген ұсыныс білдірді.

«Біз Сингапур компанияларымен серіктесе отырып аумағы арнайы экономикалық аймаққа жатқызылған Alatau City атты жаңа „ақылды қала“ салуға кірістік. Оңтүстік Корея инвесторлары мен девелопер компаниялар осы бастамаға белсенді үлес қосады деп үміттенеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Ал Президент Юн Сок Ёль Қазақстан Оңтүстік Корея үшін Орталық Азиядағы ең ірі серіктескеайналғанын атап өтті.

«Ал Корея Қазақстанның сауда серіктестерінің алғашқы төрттігіне кіріп отыр. Қазақстандық сатып алып жатқан автомобильдердің 1/3 бөлігі кореялық марканың өнімдері. Қазасқтаннан бізге импортталатын шикі мұнай мен уран Кореяның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Құрметті екі елдің кәсіпкерлері! Біздің өнеркәсіп құрылымымыз бір-бірін толықтыра алады. Бір-біріміз үшін ең қажетті серіктес ретінде экономикалық әріптестіктің көкжиегін кеңете түсуіміз керек», – деді Корея басшысы.


ПІКІР ЖАЗУ