«Соғысқа жіберу басталды, 3 күн қалды»: Ресейде жүрген қазақ жігіті дабыл қақты
Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барған қазақстандық Қайсар Қалмаз соғысқа жіберу басталғанын айтып, Қазақстан президенті мен құзырлы органдардан елге қайтаруға көмектесуді сұрады. Оның айтуынша, үш күн қалған, ал көмек сұрап жүргендеріне он күндей болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Редакциямызға кезекті видеоны Айнабек Жалғасбекұлының әпкесі жолдады. Видеода сөйлеген Қайсар сол жақта жүрген 8 жігіттің бірі, ол Айнабекпен бірге әскерде қызмет еткен.
Қайсар бір жігіттің кетіп қалғанын, ал өтініштеріне күту керектігі туралы жауаптар келіп жатқанын жеткізді. Ол өзге жерде өлгенше, өз елінде өлгенді артық көретінін айтып, тағы да араша сұрады.
Еске салайық, бұған дейін Politico.kz Айнабек Жалғасбекұлының оқиғасын жариялаған еді. Ол Ресейдегі «Снежный барс» күзет кәсіпорнында қарапайым күзетші болып, айына 1 млн теңге аламыз деп барған жігіттердің бірі.
Олардың айтуынша, барғаннан кейін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойғызып, соғысқа жібермек болған. Келіспеген жағдайда 15 жылға түрмеге қамалатынын айтқан.
Оқиға жұрт назарына іліккеннен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайды назарда ұстап отырғанын мәлімдеді. Бірқатар отбасы көмек сұрап өтініш берген, ал соғыс жүріп жатқан аймақтағы қазақстандықтардың туыстарынан өтініш қабылдау үшін арнайы жедел желілер жұмыс істейді.
Министрлік 2 қазанда азаматтарды елге қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу үшін Ресей тарапымен консультациялар жалғасып жатқанын хабарлаған. Қазақстанның сыртқы істер министрі Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездескен.
Сол күнгі хабарламада Қазақстанның Ресейдегі елшісі жақын арада Ресей Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің басшылығымен кездесулер өткізетіні айтылған.
Соғыс жүріп жатқан аймақтағы Қазақстан азаматтарына қатысты жедел желілер қосылған.
Соңғы жаңалықтар