Дариғаны мақтап, “ескіні аңсау“ белең ала бастады - депутат

Дариғаны мақтап, “ескіні аңсау“ белең ала бастады - депутат
20.11.2024 14:45
0
589
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ескі Қазақстан, соның ішінде Дариға Назарбаева туралы мәлімдеме жасады. Ол депутаттық сауалын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа, ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаеваға жолдады. Депутат Бапи жуырда Республикалық фермерлер форумындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірді: "Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етіп жатыр". Депутат Президенттің дәл осы пікірі қоғамда да көрініс тауып жатқанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғышы Дариға туралы да сөз қозғады. "Жуықта әлеуметтік желілер арқылы Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағаны мәлім. Әлбетте тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами "артықшылығы" болса, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ бұл адам - Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшысы ретінде жоғарғы саяси лауазым иесі болғанын ұмытпау керек. Сондықтан бұны бұрынғы саяси режимнің "артықшылығын" дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек", - дейді Ермұрат Бапи. Депутаттың пікірінше, "қазақ қоғамына іріткі салуға астыртын бағытталған осындай "ескіні аңсау" үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастаған". Ермұрат Бапи әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан мұндай манипуляция арқылы "жаңа Қазақстанды "саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару", "қайтып келу" әрекетін байқау қиын емес. Мәжіліс депутаты Қаңтар оқиғасына қатысты да сөз қозғады. Оның сөзінше, бұл қанды оқиғаға себеп болғандар қоғамның санасын тағы да уламақ. "Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар, қантөгіске себепші болды деп саналатын "теріс діни ағым" иелері ендігі жерде қоғамның саяси санасына "қиқым салуға" белсенді түрде кірісіп жатыр. Бұған тағы да сол "успешный успех"-қа жеткен бұрынғылар мұрындық болып отыр. Қаңтардың қаһарынан қашып кеткендер біртіндеп, елге орала бастады", - деді ол. Депутаттың айтуынша, "енді олар ел ішіне ұлттық мұра мен салт-санаға қарсы идеологияны үйіріп, реваншистік саясатты қоғамға сіңіруге қам жасап жатыр".
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или