Дэвид Кэмерон Қазақстанға не үшін келе жатыр

0
68

Британ саясаткері Дэвид Кэмерон 11 жылға созылған үзілістен кейін алғаш рет Астанаға Ұлыбританияның сыртқы істер министрі ретінде келе жатыр. Сапар аясында ол Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық келісімін жасасып, екі елдің қарым-қатынасының жаңа тарауын ашпақ.

Сапар күн тәртібі

Британ министрі Қазақстан астанасында 2 күнге созылатын сапары барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездеспек. Сапар аясында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптарды талқылау жоспарланып отыр.

Кездесулердің маңызды қорытындысы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болмақ. Айта кетерлігі, бұл құжаттың қорытындысын жасау жұмысына шамамен 6 жылдай уақыт кеткен болатын. Жаңа буынның бұл құжаты сауда мен инвестиция, қауіпсіздік, интелектуалдық меншікті қорғау, энергетика және пайдалы қазбаларды өндіру, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, банк ісі және қаржылық қызметтер, жұмыспен қамту және әлеуметтік саясат, ғылым және білім сынды негізгі салалардағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар білім сынды салаларды қамтитын бірқатар екіжақты құжатқа қол қою да көзделіп отыр. Оның ішінде Ковентри университетінің филиалын ашу да бар.

Астана мен Лондон қандай бағыттарда ынтымақтастықты жоспарлап отыр

Аса маңызды пайдалы қазбаларды бірлесіп өндіру, өңдеу және инновациялық өндіріс ошақтарын құру серіктестіктің келешегі зор бағыттарына айнала алады. Оған қазіргі заманауи технологияларға қолданылатын және экономикалық өрлеуде шешуші маңызға ие металлдар мен сирек кездесетін элементтерді жатқызуға болады.

Қазіргі уақытта Ұлыбритания өнеркәсібі дәл осындай минералдар қажеттілігін анық сезініп отыр. 2022-2023 жылдары британ тарапы Австралиямен, Замбиямен, Канадамен, Моңғолиямен, Сауд Арабиясымен, Оңтүстік Африкамен, Жапониямен және Қазақстанмен бірқатар тиісті келісімдер мен меморандумдарға қол қойған болатын.

Ұлыбритания дәл осындай құжаттарға Индонезиямен және Америка Құрама Штаттарымен де рәсімдеу үшін келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі. Бұл ретте Біріккен Корольдік Қазақстанмен ғана аталған келісім аясында біршама алға қарай ілгерілей алды.

Аса маңызды минералдар саласындағы стратегиялық серіктестік туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылған соң 2 жылдан кейін наурызда аталған саладағы ынтымақтастықтың жол картасы мақұлданды. Ол мынадай үш бағыттан тұрады: геологиядағы жалпы ынтымақтастық, кадрлар дайындау және технологиялар трансферті.

Бір қызығы, инвесторлар үшін шикізатты қайта өңдеудің ең төменгі деңгейі орташа өңдеуге сай келеді, яғни өнім деңгейі аса жоғары емес технологиялық күрделіге немесе жартылай дайын тауарға жатады. Инвесторлар дәл осы өнімді Қазақстан аумағынан тысқары экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар.

Лорд Чиппинг-Нортон кім?

Дэвид Уильям Дональд Кэмерон ақсүйектер әулетінде дүниеге келген және британ королі ІV Вильгельмнің ұрпағы саналады. Ол ұл балаларға арналған мәртебелі жекеменшік мектеп-интернат – Итон колледжінде білім алған. Дәл осы мектепте Ұлыбританияның 20 Премьер-Министрі орта білім алып шыққан болатын.

Дэвид Кэмерон 2010-2016 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі лауазымын атқарды, яғни 70 жылға жуық уақыттың ішіндегі Британияның бірінші коалициялық министрлер кабинетіне басшылық жасаған еді. Ол 2015 жылы өткен парламенттік сайлауда соңғы 20 жылдың ішіндегі Біріккен Корольдіктің бірінші консервативті үкіметін жасақтады. Дэвид Кэмерон билік басына келген 2010 жылдан бастап Ұлыбританияның Еуропалық одаққа мүшелігі ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналды. Кэмерон Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақтағы орнын сақтап қалуды қолдағанымен блок құрамындағы үлкен Британия автономиясының болуын жақтады.

Еуропалық одақ Ұлыбританияның ығына жығылып, оған ерекше мәртебе беруге келіскенімен 2016 жылы Британияда өткен блоктан елдің шығуына қатысты референдум Brexit-ке алып келді. Соның нәтижесінде Дэвид Кэмерон үкімет басшысы және Консервативтік партия көшбасшысы лауазымынан кетуге мәжбүр болды.

Дегенмен, ол 2013 жылдың жаз айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген бірінші британдық премьер-министр болып қалды. Сол уақытта оның елімізге сапары аясында қол қойылған келісімшарттардың жалпы сомасы 700 млн фунт стерлингтен асып түскен еді.


ПІКІР ЖАЗУ