«Домбыра харам, Алаштықтар сатқын»: әлеуметтік желіде уағыз айтуға заңмен тыйым салатын уақыт келді – Еділ Жаңбыршин

0
194

«Мемлекет дін атын жамылған секталарға тыйым салуы қажет. Сақал қойып, бетін тұмшалағанның бәрі діннің өкілі емес. Әлеуметтік желіде уағыз айтуға заңмен тыйым салатын уақыт келді. Әркімнің «мен мықты теологпын» деп аузына келгенін айтып, аудиториядан лайк жинап, хайп жасауына шектеу енгізуіміз керек. Қазір біз жол таба алмай жүрміз. Халықтың басын біріктіре алмай жүрміз. Себебі, бізде руханият жоқ». Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында айтты. 

– Еділ Терекбайұлы, сіз Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай жұмыс секциясының отырысында ұлтымызды алаңдатқан бірқатар өзекті мәселені көтердіңіз. Оның ішінде дін атын жамылып, елді адастырған жат ағымдарға тыйым салынып, арнайы заң қабылдануы қажеттігін баса айттыңыз. Бүгінгі күні көрші елдерде діни ағымдарға қатысты бірқатар шектеулер енгізілуде. Күні кеше Тәжікстанда «ұлттық мәдениетке қайшы» деген атаумен хиджаб киюге тыйым салынды, Ресей, Өзбекстан билігі де қоғамдық орындарда бетін тұмшалап жүретіндерді айыппұл төлеуге міндеттеді. Қырғызстанда да ұзын сақал өсіргендер мен паранжа киетіндерге тыйым салу қарастырылуда. Біздің елімізде Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар қабылдануы қажет деп ойлайсыз?

САҚАЛ ҚОЙЫП, БЕТІН ТҰМШАЛАҒАННЫҢ БӘРІ ДІННІҢ ӨКІЛІ ЕМЕС

– Парламенттің осы шақырылымында бұл мәселе жөнінде бірнеше рет депутаттық сауал жолданды. Жұмыс топтарында, басқа да алаңдарда әріптестеріміз осы мәселені көтеріп жүр. Шынында да, бізде дін мәселесінде солқылдақтық бар. Оны мойындауымыз керек. Біз адамның өзінің конституциялық еркіндігі деп кейде артық қыламыз деп, тыртық қылып жүрміз. Мемлекет басында осы мәселемен айналысатын тиісті мемлекеттік органдар – ұлттық қауіпсіздік комитеті, құқық қорғау органдары біріншіден, дін – ол ғылым екенін түсінуі керек. Екіншіден, киім киіп, сақал қойып, бетін тұмшалағанның бәрі діннің өкілі емес. Ол – діннің бір атрибуттары ғана, негізгі өзегі емес, – деді Еділ Жаңбыршин Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында.

МЕМЛЕКЕТ ДІН АТЫН ЖАМЫЛҒАН СЕКТАЛАРҒА ТЫЙЫМ САЛУЫ ҚАЖЕТ

– Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз, ата-бабаларымыз ұстанған дін жолы бар. Ол – ислам діні. Біздің мәзһабымыз бар. Сенімдегі өзіміздің имамымыз бар. Ол біздің тарихымыздан белгілі. Сол себепті, көп затты ойлап немесе қолдан жасап, біздің ұлтымызға қажет емес дүниелерді сырттан әкеліп, ендірудің керегі жоқ. Әрине оның бәрі сырттағы күштердің біздің елдің ішін ыдырату үшін жасап отырған өздерінің саясаты екені түсінікті. Біздің мемлекет, оның ішінде Парламент болсын, Үкімет болсын, құқық қорғау органдары болсын, Президент әкімшілігі болсын, сырттан келіп жатқан дін атын жамылған әр түрлі секталарға тыйым салуы қажет. Еліміздің қауіпсіздігін өзіміз қорғауымыз керек. Біздің қауіпсіздігімізді ешкім келіп, бізге жасап бермейді. Сондықтан көршілеріміздің істеп жатқан істерінің бәрі құптарлық деп ойлаймын, – дейді Мәжіліс депутаты.

САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ТАЛҚАНДАП, ИСЛАМ АТЫН ЖАМЫЛЫП СОҒЫСАТЫН БҰЛ КҮШТЕР – ДІН ЕМЕС

– Әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді талқандап, жастарымызды басқа бір бағытқа алып кетіп, оларды әр түрлі террорлық, экстремистік топтарға тартып, соғыс ашып, тіпті өзін жарып, басқа елде ислам атын жамылып соғысатын бұл күштер – дін емес. Дін саясатпен айналысып кететін болса, ол дін емес. Діннің негізгі мақсаты – адамның жүрегін тазалау. Адамның жүрегінде «жақсы», «жаман», «сауап», «күнә» және т.б. да кәсіби ғылыммен түсіндіре алмайтын рухани процестер бар ғой. Оны дін түсіндіреді. Мұны метафизика дейді. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың, Шәкәрім, Абайлардың, Әбубәкір Кердерінің, Бекет аталардың ұстанған жолы біздің нағыз өзіміздің дұрыс дін, бағытымыз деп есептеймін. Бұл жерде діннің негізгі мақсаты – адамды рухани жетілген, иманы мықты, кемел адам қылып шығару. Осы рухани ілімді біз жастарға насихаттап, мемлекеттің саясаты қылуымыз керек. Сонда біз сырттан келген жат ағымдарға тосқауыл қоя аламыз, біздің халықтың иммунитеті пайда болады. Осының уақыты келді деп есептеймін, – дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

ҰСТАЗ ДА КЕРЕК, БІРАҚ АДАМНЫҢ ӨЗІ ДЕ ІЗДЕНУІ КЕРЕК

– Әңгімені айта бергеннен, керек, керек дей бергеннен гөрі нақты шешім қабылдауымыз керек. Иә. Қазір мешітке барсаң, әр түрлі бағытта жүрген адамдар бар. Олар өздері қандай дінді ұстанып жүргендерін зерттеп, терең үңіліп, ғылыми жағынан қарап, осының бәрін біледі деп ойламаймын. Олардың өздерінің ұстаздары бар шығар. «Шейхтер» деп айтады. Солардың айтқанына еріп жүр. Ал шынында да, өзі ойланып қараса, ол жерде дінге қатысы жоқ басқа да заттар бар. Әр мұсылманға қырық парыздың біреуі – іздену ғой. Ізденсін, қарасын. Сонда ол нағыз ақиқатқа жетеді. Көбінесе бізде жат ағымда адасып жүрген азаматтар біреудің айтқанымен жүреді. Өздері ізденіп, өздері терең зерттеп «Мен кіммін? Қайда барамын? Дін деген не зат? Бұл не дүние?» деген мәселелерді терең зерттемейтін сияқты. Терең зерттесе, ол ақиқатқа жетер еді. Сондықтан ұстаз да керек. Бірақ адамның өзі де ізденуі керек, – деді Еділ Жаңбыршин.

– Өзіңіз байқағандай, бүгінде біздің тілімізде де, дінімізде де түрлі бөлінушіліктер орын алуда. Бір ортаға барсаң тәңіршілдердікі дұрыс дейді. Басқалары сопылықты, енді біреулері салафизмді, гүленшілер мен құранидтерді т.б. түрлі ағымдарды қолдайды. Сіз өз сөзіңізде «Тәңіршілдік – дін емес. Бұлар адасушылар болуы мүмкін. Біз ата-бабамыз ұстанған ислам дінін ұстануымыз керек» деген болатынсыз. Ол сонда қандай дін? Ислам дінінің өзі түрлі ағымдарға бөлініп, жастардың санасын улауда. Міне, дәл осы дін біздің басты дініміз дейтіндей, қазақ қоғамында нақты дін бар ма?

 ЕЛІМІЗДЕ ҚАНДАЙ ДІН БОЛУЫ КЕРЕК? ДЕГЕН СҰРАҚ МЕМЛЕКЕТ ҮШІН МАҢЫЗДЫ

– Конституция бойынша біз зайырлы мемлекетпіз. Мемлекет пен дін бөлек дейтін қағидат бар. Алайда мемлекет дін мәселесінен тыс қалмауы керек. Егер мемлекет бұл мәселемен айналыспайтын болса, ертең Сирия, Ауғанстандағы сияқты үлкен проблемалар туындап, біз мемлекетті жоғалтып аламыз. Мемлекет дін ісіне араласпайды, дін мемлекет ісіне араласпайды, бірақ біздің елімізде қандай дін болуы керек? Қай дін дұрыс? деген сұрақ мемлекет үшін маңызды. Өзіміз ғылыммен айналысып, осы бағытты зерттеп жүргеннен кейін ең бірінші дереккөз не? деген сұраққа ілімнің көзі – кітап деп жауап береміз. Құдайдан жіберілген кітаптар бар. Егер біз Құдайға сенетін болсақ, оны біз мойындауымыз керек. Адамдар өмір сүруі үшін оған ереже керек. Мәселен, көшеде кетіп бара жатқан көліктің ережесі болмаса, анау көліктер әр қиылыста бір-бірімен соқтығысып жатады. Сондай дүние болмас үшін Құдай ереже жасап қойған. Ол ережелерді әкеліп, халыққа түсіндіретін елші жібереді. Оны Пайғамбар дейді. Бұл сонау көне заманнан келе жатқан дүние, – дейді Мәжіліс депутаты.

ТӘҢІРШІЛДЕРДІҢ ПАЙҒАМБАРЫ, КІТАБЫ БАР МА?

– Егер адам Құдайға сенетін болса, ол Пайғамбарына сенеді. Пайғамбардың кітабына сенеді. Мұхаммед (с.ғ.с.) – соңғы Пайғамбар. Өзіміз ислам дінін ұстанғаннан кейін «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет», – деп оны ата-бабамыз да айтып кеткен. Міне, осы біздің алтын шынжырды көрсетіп қойған. Пайғамбарымыз алып келген ислам діні Құранда соңғы дін деп айтылады. Біздің кітабымыз – Құран ғой. «Менің Құранымды ешкім өзгерте алмайды» деп Құдайдың өз айтқаны бар. Яғни қиямет қайымда Құран өзгермейді. Құранда барлығы жазылған. Пайғамбар кім? Құдайдың алдында қабылданатын дін не? Осының бәрі Құранда бар. Біздің ұстанатын дініміз – ислам. Оның Пайғамбары бар, кітабы бар. Ал тәңіршілдерде ол жоқ. Олардың Пайғамбары бар ма, олардың кітабы бар ма, ережесі бар ма? дейтін сұрақ туындайды. Мешіті бар ма, ғибадатханасы бар ма? Біздің мешітіміз бар, біздің ережеміз бар, оның заңдық-құқықтық тетіктері бар. Фиқһ ғылымы бар ғой. Бұл жерде өзінің бір жүйесі бар, – деді Еділ Жаңбыршин Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында.

ЯССАУИ ІЛІМІ: ЕЛДЕ АЛАУЫЗДЫҚ БОЛҒАН ЖОҚ

– Екіншіден, әр жерге барамыз, әр түрлі бағыттар бар деп дұрыс айттыңыз. Пайғамбардың өзі «Менің дінім 73 тармаққа бөлініп кетеді» деп айтып кеткен жоқ па… Соның біреуі ғана дұрыс деген. Яғни, біз үлкен бір шыңыраудың ішінде тұрсақ, 70-тің үстінде бір арқан салбырап тұр. Соның тек біреуін ұстасақ, сол бізді қараңғылықтан жарыққа шығарады. Қалған 72-сі тұйыққа апарады. Яғни, біз сол жолды тауып алуымыз керек. Ол үшін ұстаз керек, өзің ізденуің керек. Міне, сол арқылы өзің тура Құдайдың жолын тауып алуың керек. Қазақтың бүкіл жерінде Яссауидің ілімі болды деп ата-бабамыздың өзі көрсетіп кетті ғой. Ол жолды Абай да, Шәкәрім де, Мәшһүр Жүсіп те, Бекет Ата да ұстанды. Біздің Қазақстанның сонау Алтайдан бастап Атырауға дейінгі жерінің барлығы жатқан әулиелер. Олардың бәрі осы силсаланы ұстап келді. Елде бір жүрек, бір тілек, бір мақсат болды. Біздің елімізде түрме болған жоқ. Жетім-жесір болған жоқ. Құқық қорғау органдары болған жоқ. Жау келсе, бір халық болып шығып, қорғанды. Шаруашылықты бірге жасады. Алауыздық болған жоқ. Бәрі бір жүйеде, бір дінде, бір бағытта болды, – деді Еділ Жаңбыршин.

ЕРТЕҢ ҚҰДАЙДЫҢ АЛДЫНДА МЫСЫҚ БОЛЫП ЖАУАП БЕРЕМІН БЕ?

– Ресей империясы сияқты сыртқы күштер келіп, бүлдіргенше бізде мамыражай тіршілік кешкен үлкен мемлекет болды. Халықтың тілегі бір болды, діні бір болды, әдет-ғұрпы бір болды. Мысалы, мынау Шығыстағы әдет-ғұрып пен Маңғыстаудағы әдет-ғұрып бірдей ғой. Сәл-сәл өзгешелеу болмаса. Тіл жағынан бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Оның бәрі нені көрсетеді? Біздің руханиятымыздың бір болғанын көрсетеді. Солтүстікте де, оңтүстікте де солай. Осы дүние біздің басымызды біріктіріп, ұстап тұрды. Ал енді қазір әр түрлі бағытқа бөлініп кеткеніміз, біздің шекарамызды ашты. Баяғы коммунистік идеология кеткеннен кейін бізде бір бос кеңістік пайда болды. Бос кеңістік ешқашан да тұрмайды. Жан-жақтан әр түрлі ағымдар кіріп кетті. Мысалы, 1990 жылдардың басында Алматыда жұмыс істеп жүрген кезімде бізде Үндістаннан келген кришнаиттар көп болды. Қазақтың дүниетанымында «рекарнация» деген ұғым жоқ қой. Ол мүмкін емес. Мысалы, менің жаным барады да, мысықтың жаны болып кетеді, артынан иттікі болып кетеді деген қисынға келмейтін зат қой. Ертең мен Құдайдың алдында қалай жауап беремін?! Мысық болып жауап беремін бе, ит болып жауап беремін бе, әлде арыстан болып жауап беремін бе, немесе әйел адам болып жауап беремін бе? Осындай ағымдар бізге көп кіріп кетті, – дейді Мәжіліс депутаты.

ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИДІ ӘР ТҮРЛІ ЕЛДІҢ БАСШЫЛАРЫ МОЙЫНДАЙДЫ

– Бізге ата-бабамыз қандай дінді ұстануымыз керектігін көрсетіп кетті. Одан кім жаман болды? Мәселен, сіз Яссауидің тарихатын ұстанған адамдар өзін-өзі жарды, бір жерге барып соғыс ашты, бірдемені бүлдірді дегенді естідіңіз бе? Тарихты оқыңыз. Қараңыз, зерттеңіз. Ақсақ Темірді зерттеңіз. Жалаладдин Румиді қараңыз. Олар «біз Қожа Ахмет Яссауидің шекпенінен шықтық» деп айтады ғой. Сонда Жүніс Әміре, Жалаладдин Руми сияқты мықты ғұламалардың бәрі Қожа Ахмет Яссауидің мектебінен шыққан адамдар ғой. Олар соған құрмет көрсетеді. Түркістан біздің рухани орталығымыз деп олар да мойындайды. Мәселен, күні кеше Түркия Парламентінің басшысы келді. Арыстан бабқа барып, Қожа Ахмет Яссауиге зиярат етіп, садақа берді. Қараңыз, Түркияда жүрген адам Қожа Ахмет Яссауиді мойындап отыр. Қаншама ұлан-ғайыр жердегі әр түрлі елдің азаматтары, мемлекет басшылары біздің Қожа Ахмет Яссауиді мойындайды. Ол кісіні Өзбекстанда мойындайды. Егер бұл ілім дұрыс болмаса, біздің ислам дініне жат болатын болса, онда олар оны мойындамас еді ғой, – дейді Еділ Жаңбыршин.

АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІ ТАЗА БОЛСА, ОЛ МЕМЛЕКЕТ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

– Ата-бабамыз салып кеткен жол, көрсетіп кеткен мектеп бар. Оның өкілдері бар. Егер біз мықты рухани мемлекет боламыз десек, онда сол рухани мектепті қайтадан жандандыруымыз керек. Сонда бізде жат ағымдардың жетегіне еріп кететін адамдар болмайды. Мәселен, бізге бала кезімізден бір сөзді құлағымызға құйып кетті. Ол кезде дін жоқ. Сөвет үкіметінің кезінде дінге тыйым болды. «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет», – деген сөзді Маңғыстаудың кез-келген адамы білетін еді. Құдай деген сөзді ешкім айтқызбайды. Бірақ, әке-шешемізден естіген осы сөз бала кезімізден жүрегімізге, миымызға сіңіп қалған. Сол алтын шынжырды біз ұстанатын болсақ, жаман халық болмаймыз және бізде үлкен даму болады. Мемлекеттің дамуы тек қана қазба байлыққа немесе физикалық дүниелерге байланысты емес. Ол руханиятқа байланысты. Неге? Себебі, адамның иманы мықты болса, оның жүрегі таза болатын болса, ол жемқорлықпен айналыспайды. Мемлекетін сүйеді. Мемлекет үшін жанын беріп қызмет етеді. Мемлекетін қорғайды. Далаға кетіп қалмайды. Бүкіл жасайтын затты сол мемлекет, сол Отаны үшін, отбасы үшін жасайды. Сонда ғана мықты мемлекет болады. Біздегі бүкіл тазалықтың бәрі физикалық «жан тазалығына» байланысты, – дейді Мәжіліс депутаты.

НЕГЕ БІЗДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ КӨП? СЕБЕБІ РУХАНИЯТ ЖОҚ

– Әмір Темір осы жолды ұстанған. Мемлекетінде ұрлық болмаған. Ол кісінің мемлекетінде сонау Каспийден Алтайға дейін 5 жасар қыз бала алтынды төбесіне көтеріп, жаяу жүріп өтсе де, оған ешкім тимейтін болған. Неге? Себебі, ол жерде рухани тазалық болды. Дін тазалығы болды. Тәртіп болды. Біздің діннің негізгі мақсаты – адамның ішкі дүниесін таза қылу. Адам таза болатын болса, оның ойы таза, ойы таза болса, іс-әрекеті таза, іс-әрекеті таза ма, айналасында атқаратын қызметі таза болады. Міне, бізге осы керек. Ал неге оны істетпей отыр. Себебі сырт жақтан келген, іштен шыққан ұрыларға ол қажет емес. Адамның мықты болғаны, таза болғаны қажет емес. Онда ол дүниені ұрлай алмайды ғой. Міне, сондықтан біздің мақсатымыз – жастарды, тіпті үлкендерді осыған тәрбиелеуіміз керек. Сонда бізде мықты мемлекет болады. Сонда біз тырнақша ішіндегі «аурулардың» бәрінен арыламыз. Қазір біз жол таба алмай жүрміз. Халықтың басын біріктіре алмай жүрміз. Неге бізде жемқорлық көп? Неге біздің мемлекетіміз дамымайды? Неге біздің байлығымыздың бәрі сыртқа кетіп жатыр? Неге біздің оқыған жастарымыздың бәрі сыртта жүр деп проблеманы айта береміз. Себебі, бізде руханият жоқ, – деді Еділ Жаңбыршин.

ҚАЗІР БӘРІНІҢ ОЙЫ ДҮНИЕНІҢ ЗАТЫ БОЛЫП КЕТКЕН

 – Руханият деген не? Идеология – біздің басымызды біріктіріп, бір халық, бір мақсат, бір тілек, бір жүрек қылады. Егер идеология болатын болса, біз бағанағы аурулардың барлығын шешіп тастаймыз. Тілде де, дінде де проблема болмайды. Экономикада да, білім саласында да, денсаулық саласында да, қаржы саласында да проблема болмайды. Қазір бәрінің басы есеңгіреп жүр. Жүректері тыныш емес. Неге? Себебі, жүрегінде руханият жоқ. Бәрінің ойы дүниенің заты болып кеткен. Сол дүниенің затын орнына қою үшін бірінші мына жүректі орнына қою керек. Жүрек орнына қойыла ма, дүниенің заты орнына келеді. Ешқайда кетпейді. Қызғаныш, іштарлық,  ұрлық деген зат болмаса… Оның бәрі қайдан шығады? Осыдан шығады. Осыны жөндейтін дұрыс дін – ислам діні. Ол террористердің діні емес. Исламнан адамды бездіру үшін әдейі қолдан секталар жасап, құбыжық қып көрсетуде. Ал негізінде ол ең мықты, гуманды және адамзатты адам қылатын дін, – дейді Мәжіліс депутаты.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ МЫҚТЫ АДАМ – МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАР

– Әлемде ең мықты адам туралы зерттеу жүргізгенде, қайта-қайта Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бірінші орынға шыға беріпті. Қандай компьютер бағдарлама жасамасын, қандай сарапшылар тест жүргізбесін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бірінші болып шығады. Егер ол террорист болатын болса, ілімі дұрыс болмаса, адамзатты жаман бір бағытқа алып кететін болса, ол неге бірінші болып шығады? Неге адамзат тарихындағы ғұламалардың ішіндегі ең мықтысы болып шығады? Яғни оны бүкіл әлем, көзі ашық, көкірегі ояу адам мойындайды. Ал біз мойындайтын болсақ, сол жолмен неге жүрмейміз? Әрине ол кісінің басына түскен қиындық біздің басымызға түссе, біз көтере алмауымыз мүмкін. Себебі, ол қанша дегенмен Пайғамбар ғой. Бірақ біздер соған ұмтылуымыз керек. Қателік бәрімізде бар. Қатесіз адам болмайды. Күнәсіз адам болмайды. Біздің мақсатымыз – ол кісілердің өмір сүрген дәстүрімен, көрсетіп кеткен жолымен, ережесімен, мектебімен жүретін болсақ, артынан ерген ғұлама ұстаздардың жолымен жүретін болсақ, біз жаман болмаймыз. Міне, сонда бізде бөліну болмайды, – деді Еділ Жаңбыршин.

ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ МЕКТЕБІН БАРЛЫҚ ЖЕРГЕ ЕНГІЗУІМІЗ КЕРЕК

– «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы», – деп Президент те айтты. Тек қана қазақтың емес, бүкіл түркінің астанасы деді. Қалай ол түркінің астанасы болады? Себебі, ол жерде Қожа Ахмет Яссауи жатыр. Түркінің астанасы болатын ондай қала көп қой бізде. Ал неге біз Түркістанды таңдап отырмыз? Себебі ол жерде баба жатыр. Ол Құдайдың сүйікті құлы. Біз неге Ыстанбұлды түріктің астанасы қылмаймыз? Біз неге Астананы түріктің астанасы қылмаймыз? Себебі, ол жерде Қожа Ахмет Яссауи жоқ. Адам кішкене ойлануы керек қой. Неге біз оны астана қылып отырмыз? Неге бүкіл Түркі елі сол жерге келеді? Неге сол жерде үлкен саммиттер жүреді? Неге біз сол жерде құрылтайды өткіземіз? Себебі, ол жерде баба жатыр. Оның рухани ілімі жатыр. Ол жерде оның рухы бар. Сол жерден мектебі шыққан. Міне, сондықтан ол бүкіл түркінің астанасы. Біз осы мектепті барлық жерге енгізуіміз керек. Егер біз осы бабаларымыз қалдырған рухани ілімді балабақшадан бастап беретін болсақ, біздің мемлекетте проблема болмайды. Біз әлемдегі мықты мемлекет боламыз, – дейді Мәжіліс депутаты.

БІЗ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ЕМЕС, ІЛІММЕН ОЗАМЫЗ

– Сол себептен, бізді мықты қылғысы келмейді. Біздің ең мықты фундаментіміз – сол ілім екенін біз өзіміз білмейміз. Ал бізді зерттеп отырғандар біледі. Біз технологиямен бәрібір оза алмаймыз. Біз басқамен оза алмаймыз. Бірақ осы іліммен озамыз. Міне, олар соны біліп отыр. Ал біз әлі күнге дейін қолдағы алтынды қадірлемей жүрміз. Осыны қадірлейтін жағдайға жеткен кезде қазақ деген мықты халық боламыз. Оны жасамасақ, мықты болмаймыз. Сырттан рухани ілімдерді іздеп, әкеліп қажеті жоқ. Өзімізде бар. Осы рухани ілімнің арқасында біз кезінде мықты мемлекет, империя болдық. Бір Әмір Темірдің өзі, одан кейінгі сол ілімді ұстаған біздің мемлекет билеушілері мықты мемлекет қалыптастырды. Әлемде жеңілмейтін мемлекет қылды. Ол жерде метафизика бар, үлкен ғылым бар. Мына қоршаған ортаны, физикалық дүниені билейтін метафизика бар. Мистика деп айтады. Әркім әртүрлі айтады. Бірақ ол зат бар ғой. Сен қорықпаймын дейсің ғой. Сол қорықпаймын, қорқамын деген затты физикамен зерттеп көрші. Оны математиканың қандай формуласымен түсіндіресің? Сен түсіндіре алмайсың ғой. Ал сол ілім түсіндіреді, – деді Еділ Жаңбыршин.

ӘЛЕМДІ БИЛЕГЕН АДАМДАРДЫҢ ЖОЛЫМЕН НЕГЕ ЖҮРМЕЙМІЗ?

– Осы ілімді ұстасақ, билеуші де, мемлекет те мықты болады. Біз осыны қазір әкелуіміз керек. Соны әрі қарай таратуымыз керек. Біздің негізгі тұғырымыз сол. Олар Түркістанда бекер жатқан жоқ. Арыстан бабтың, Қожа Ахмет Яссауидің үлкен мазары бекер тұрған жоқ. Олар тұрған кезде біз құрымаймыз. Біз керісінше оларды ары қарай дәріптеп, насихаттап, осы ілімді жүргізетін болсақ, әлемдегі ең мықты халық боламыз. Себебі, олар әлемді билеген адамдар. Біз сол әлемді билеген адамдардың жолымен неге жүрмейміз? Неге біз оны насихаттамаймыз? Себебі, біздің қазба байлығымызды тонау үшін оны бізге істетпей отыр. Бізде байлық көп қой. Егер қазір біз мықты халық болатын болсақ, онда ол байлықты өзіміздің халқымызға ғана пайдаланымыз. Қалса, басқа халықтарға береміз. Оларға ілімді таратамыз. Қазір біз бірінші кезекте осы мәселемен айналысуымыз керек. Біз идеология, идеология деп жүрміз. Идеология өзімізде шашылып жатыр. Жинақтап, жүйеге келтіріп, сонымен айналысу керек. Мүфтият та сонымен айналысуы керек. Мемлекет те сол. Тілмен айта бермеу керек. Іспен дәлелдеуіміз керек, – дейді Мәжіліс депутаты.

– Дін мен ұлттық құндылықтарымызды, тарихи тұлғаларымызды бір-бірінен бөлектемей, байланыстыру керек дейсіз ғой? Өкінішке қарай, бізде арабизм идеологиясы белең алғасын, дінді жек көрінішті етіп көрсетеді. Ислам десе, тек бес уақыт намаз, Меккеге бару ғана деп елестетеміз. Ал, өзіңіз айтқан ата-бабаларымыз, қазақты билеген хандар, жыраулар, батырлар, қисса-дастандар көп насихатталмайды және оны жастар білмейді. Дінге деген құлшыныс, сүйіспеншіліктің болмауы содан да болар…

ҚҰРАНДА ҰЛТҚА, САЛТ-ДӘСТҮРГЕ ТЫЙЫМ ЖОҚ

– Атақты Қашаған жыраудың «Аллалаған пір өткен, Туына жұртын түнеткен. Зікір, таспих, салауат мешіттің ішін гүл еткен. Расулдың сүннетін, Қожа Ахметтің міндетін, Өшіре көрмең жүректен», – деп айтқаны бар ғой. Қалай жүруіміз керек екенін, не істеуіміз керек екенін бір ғана сөзбен жеткізген. Міне, осыны біз ұстанатын болсақ, мықты мемлекет боламыз. Салт-дәстүр, ұлт деген мәселелер Құранда да бар ғой. «Бір-біріңді тануларың үшін біз сендерді әр түрлі ұлтқа, руға бөліп жараттық» делінген. Яғни ол жерде тек бір ұлт болуы керек, бір ру болуы керек деген сөз жоқ. Өзіндік ерекшеліктері бар әр түрлі ұлт қылып жараттық дейді. Яғни сенің ұлтың болғаннан кейін дәстүрің болады, салтың болады, тілің болады. Түрің де басқаша болады. Яғни Құранда, біздің хадистерімізде оған тыйым жоқ. Әр елдің өзінің салт-дәстүрі бар. Мысалы, біздің билеушілеріміз басқа мемлекеттерді жаулаған уақытта оларды қырып тастаған жоқ қой. Тіпті оларға өз дінін ұстауға рұқсат берген. Атақты екінші халифа Омар Иерусалимді жаулап алған кезде, сол жердегі христиандарға өздерінің мешітіне кіріп, мінәжаттарын, құлшылықтарын жасауға рұқсат берген ғой. Омар келісімі деген бар. Ол әлі күнге дейін өз күшінде. Сол келісімшарт бойынша мұсылман мемлекетінде өз дініңді ұста, оған ешқандай тыйым жоқ. Бірақ сен өз дініңді ұстағаның үшін салығыңды төлеп отырасың, – дейді Еділ Жаңбыршин.

ДІНДІ ҰРЫП-СОҒЫП ЕМЕС, КӨРКЕМ МІНЕЗБЕН ЖЕТКІЗУ КЕРЕК

– Құранда «Дінде зорлық жоқ» деген аят бар. Дінді ұрып-соғып, жарып, басын шауып емес, көркем мінез бен даналықпен жеткізіңдер дейді. Егер Құрандағы аяттың бір сөзіне күмән келтірсең, сен діннен шығасың. Ал жеткізіңдер. Мешітке барып, ішінде өз-өзіңді жарсаң, ол қандай дін? Ол дін емес. Ол жерде қандай көркем мінез бар? Ол жерде қандай даналық бар? Оқыңдар, ізденіңдер. Үлкен ғұламалардың еңбектерін қараңдар. Адамдар өз ақылың қосу керек. Ақыл не үшін берілген? Ойлана білу керек, іздене білу керек. Салыстыру керек. Құдай айналаның бәрін көрсетіп қойған ғой. Өсімдіктерді өсіріп қойған, суды ағызып қойған, тауды салып қойған. Аспандағы бүкіл ілімді көрсетіп қойған. Осы арқылы өзінің бар екенін көрсетіп кеткен. Сен ізден, зертте. Содан кейін барып өзіңнің түсінбейтін сұрақтарын болса, мықты ұстаздардан сұра. Ілім ал. Егер сенің ұстазың болмаса, онда шайтан болады дейді ғой. Ұстазың да білімді болуы керек. Сол ұстаздан ілімді үйрен. Олардың жазып кеткен кітаптары бар. Мен тек қана тірі ұстаздарды айтып отырған жоқпын. Қожа Ахмет Яссауи де ұстаз емес пе, Әбубәкір Кердері де ұстаз емес пе, Мәшһүр Жүсіп те ұстаз емес пе? Кітаптан оқы. Зертте. Сонда бәрі жазылған, – дейді Мәжіліс депутаты.

– Өзбекстанда имамдарға әлеуметтік желіде уағыз айтуға тыйым салынды. Елімізде «Домбыра харам, ән айту харам, би билеу харам, ата-баба әруағына тағзым етуге болмайды, салт-дәстүр ширк, Алаш арыстары сатқындар» деп әлеуметтік желіде аузына келгенін сөйлеп, ұлтымызға үлкен қауіп-қатер әкеліп, ел бірлігін бұзуды мақсат тұтқан уағыз айтқыш діни сарапшыларға заңдық тұрғыда осындай шара қашан қолданылады?

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ҒАЙБАТ АЙТАТЫНДАРҒА ЗАҢМЕН ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК

– Әлеуметтік желінің жақсы жағы да, теріс жағы да бар. Оны қалай пайдаланасың, сол маңызды. Мәселен, тұзды көбірек салсаң, ол да зиян. Аз салуға тағы болмайды. Дәрі де сондай. Дәріні көп ішсең, өліп қалуың мүмкін. Өз дозасымен ішсең, ауруыңнан жазылуың мүмкін. Мына әлеуметтік желіні де біреулер өзінің нәпсісі үшін, лайк жинау керек, оған монетизация жасау керек деп қара басының құлқыны үшін пайдаланады. Адам әлеуметтік желі арқылы өзіне пайдалы мағлұмат алып, өзінің сана көкжиегін кеңейтуі керек. Әлеуметтік желіні рухани өсу үшін пайдалану қажет, ал егер біреуді өсектеп, ғайбат айтып немесе жеке өзінің бір нәпсісінің мәселесін шешу үшін пайдаланатын болса, онда одан түк пайда жоқ. Ол зиян. Екіншіден, жастар көбірек кітап оқығаны жөн. Дұрыс кітаптарды оқу керек. Кітап оқымағандықтан қолымыздағы гаджет, смартфондарға байланып қалғаннан кейін біз көбіне содан келген ақпараттардың барлығын шын ақиқат деп ойлаймыз. Дереккөзі көрсетілген, ғылымдық негізі бар мықты ғұламалар жазған кітаптарды оқу керек деп ойлаймын. Үшіншіден, заңдық тұрғыда осындай дүниелерге тыйым салу керек, – дейді Еділ Жаңбыршин.

ДІНИ УАҒЫЗ ТЕК МЕШІТ ПЕН МЕДРЕСЕДЕ ҒАНА БЕРІЛУІ КЕРЕК

– Әлеуметтік желіде отырған адамдардың имани деңгейі, рухани деңгейі әр түрлі. Мысалы, әр адамның рухани деңгейін бір аурумен салыстырсақ, біреудікі асқынып кеткен, біреудікі орташа, біреудікі енді басталып жатыр. Тұмау ауруы асқынып кететін болса, оған дәрінің үлкен дозасын бересің, система қоясың. Тіпті реанимациялық шаралар жасауға тура келеді. Ал орташа ауырып жүрген адамға дәріні күніне 2-3 рет ішу керек. Ауру жаңа бастап келе жатқан кезде оған дәріні азғантай ғана бересің. Ұстаз адамға бағыт беріп, уағыз айтқан уақытта сол адамның рухани деңгейін білу керек. Мысалы, сіз балабақшаның баласына мектептің 10-сыныптағы білімін бермейсіз ғой. Екеуі екі бөлек. Барлығы сол адамның рухани деңгейіне, дәрежесіне байланысты. Әлеуметтік желіге шығып алып, уағызды жаппай бәріне берсе, оны біреу көтереді, біреу көтере алмайды. Біреудің оған деңгейі, білімі, дәрежесі жетпеуі мүмкін. Діни уағыз тек өзінің аудиториясына сұрыпталып, берілуі керек. Діни орындар, мешіт, медресе бар. Уағыз керек болса, сол жердегі ұстаздардан барып алу керек. Өзбекстанның істеп жатқаны дұрыс деп есептеймін, – деді Мәжіліс депутаты.

 

ЗАҢМЕН УАҒЫЗ АЙТУ МӘСЕЛЕСІНЕ ТЫЙЫМ САЛАТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ

– Мәселен,сол әлеуметтік желіде отырған адам дұрыс ілім бермей, бүкіл қоғамды жарып жіберуі мүмкін. Ертең одан теріс білім алған адам Алаш зиялыларын есекке теріс мінгізіп, ары қарай ол әңгімені жалғастыруы мүмкін. Сол қызыл империя кезінде біздің қазақты құртып, өздерінің саясатын жүргізді. Егер біздің Алаш ардақтылары солардың жетегіне еріп, солардың саясатында жүрген болса оларды несіне атып тастайды? Атпау керек еді, оларды пайдалану керек еді ғой. Оларды неге құртты? Себебі, Алаштықтар олардың алып келе жатқан идеологиясының мемлекетке, ұлтқа зиян екенін білді де, оған қарсы тұрды. Содан кейін олар құртылды. Егер олар қазаққа жау болатын болса, оларды пайдаланатын еді ғой. Оларды пайдаланған жоқ, керісінше қудалап, түрмеде шірітіп, атып өлтіріп тастады. Адам сондай әңгімені айтып отырған кезде логикаға сай заттарды айтуы керек қой. Логикаға сай келмесе, онда ол өтірік. Оның ар жағында шындық, ақиқат жоқ. Заңмен уағыз айту мәселесіне тыйым салатын уақыт келді. Уағыз айтасың ба, сен сол уағыз айтуға білімің, деңгейің, дәрежең сай адам болуың керек. Екіншіден, уағызды өзіңнің дәріс беретін жерінде өз аудиторияна айтуың керек. Мысалы, біз университеттің білімін жаппай жұртқа шығып алып, айтпаймыз ғой. Тек өзіміздің аудиториямызға айтамыз. Сол сияқты мына дін мәселесінде де ілім-білімді өзінің тиісті адамдары беру керек. Әркімнің «мен мықты теологпын» деп аузына келгенін айтып, аудиториядан лайк жинап, хайп жасауына тыйым салу керек. Мұны мемлекет реттеу керек. Мұның арты үлкен қиындыққа алып келуі мүмкін. Қазір әлеуметтік желіде дұрыс айтылмаған бір пікір бүкіл қоғамды дүр еткізуі мүмкін. Ал бізге ол қазір керек емес. Осыны аңсап жүрген, соны мақсат қылып жүрген топтар көп. Ертең біреу мұны білместікпен жасап қалуы мүмкін. Біреу біліп, әдейі жасауы мүмкін. Осындай мәселелер етек алып кетпес үшін мемлекетіміздің,  қоғамның қауіпсіздігі үшін, ең бастысы біздің рухани қауіпсіздігіміз үшін осындай мәселелердің барлығын мемлекет заңмен реттеуі керек, – дейді Мәжіліс депутаты ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында.

– Ұлтқа қатысты нәрсенің барлығына тіл тигізсе, қатаң шара қолданылатындай, ұлттық құндылықтарымызды,тарихи тұлғаларымызды қорғайтын арнайы заң қабылдануы қажет шығар?

ӘР РУХАНИ НОРМА ҮШІН КӨРІНБЕЙТІН МАЙДАН ЖҮРІП ЖАТЫР

– Қазір дінге қатысты заң қабылданып жатыр. Енді бұл мәселелерді бірден шешу қиындау болатын шығар, себебі қарсы топтар көп. Делдалдарды, лудоманияны құртамыз дегенде үлкен айғай болды. Олардың артында неше түрлі үлкен қаржылық топтар бар. Тіпті кейбір нормаларымызды өткізе алмадық. Кеше ЛГБТ-ны насихаттауға болмайды деген норма беріп едік, бәрі шулап кетті ғой. Қазір енді петиция жариялап жатыр. Мұның бәрі үлкен күрес, үлкен еңбекпен келетін дүние. Мұны қоғам болып, зиялы қауым болып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың тарапынан қолдау болмаса, депутаттарға өте қиын. Себебі, қарсы күштердің артында үлкен қаржылық топтар, кәсіпкерлер, мықты мемлекеттер тұр деп айтуға болады. Қазақстан үшін, парламентарий үшін оңай емес. Бізде әр рухани нормалар үшін күрес жүріп жатыр. Мұның бәрін бірінші рет айтып отырмын. Көрінбейтін майдан жүріп жатыр. Сіздер айсбергтің төбесін ғана көріп отырсыздар. Оның астындағы жұмыс топтарында қаншама теке-тірес, айғай, кетіп жатқан нерв, өтпей жатқан нормалар… Қарсы келетін топтар барлық жерде жүреді. Жоғарыдағы коридорларда жүреді. Тіпті кейбіреулері шетелде отырып, осыны қаржыландырып отыр. Осындай көптеген барьерлерді, қарсылықтарды жеңіп шығып, заңға енгізіп, қабылдап, оны өткізу оңай шаруа емес. Қиындық туады. Оны жеңу үшін күресіп жатырмыз. Оңай шаруа емес. Тек күрес нәтижесінде жете аламыз. Ол оңайлықпен берілмейді. Олардың артында қара күштер тұр.  Біздің бабаларымыз дін мықты болып тұрған кезде күресті. Ал қазір діннің әлсіреген кезінде ол күрес одан да қиын, – дейді Еділ Жаңбыршин.

ЗИЯЛЫЛАРДЫҢ БАСЫ БІРІККЕН КЕЗДЕ ҒАНА БІЗДЕ РЕНЕССАНС БОЛАДЫ 

– Пайғамбарымыз Сондай заман туады. Дін деп айтқан адам қолына жанып тұрған шоқпар ұстағанмен бірдей болады деп айтыпты ғой. Қазір тап сондай заман. Дінді айту қолына жанып тұрған шоқпар ұстағанмен бірдей. Себебі, оған қарсы күресетін күштер мықты. Бұл оңай шаруа емес. Неше түрлі ағымдар кіріп кеткен. Адамдардың имани, рухани дүниесі әлсіреп қалған. Олар көп затты анық біле алмайды. Олар ондай тәрбиеден, мектептен өтпеген. Халықты кінәлауға болмайды. Бірақ осыны білетін, түсінетін адамдар сол үшін күресуіміз керек. Әйтпесе, біз ертең ұлтты жоғалтып аламыз. Мемлекетті жоғалтып аламыз. Көзі ашық, көкірегі ояу аға-інілеріміздің өздері бір ядро болып бірікпей, қиын. Әркімнің көзқарасы әр түрлі. Бірақ, біз қазір ата-бабамыздың жолын мойындап, бірігетін болсақ, онда көп мәселені шешуге болады. Елде мықты ядро болатын болса, ең болмағанда 100 адам мықты елдің мына принциптерін, концепцияларын, философиясын, даму бағыттарын айқындайтын және мемлекеттің күн тәртібін қойып отыратын тренд жасайтын болса, бәрінің жүрегі, тілегі бір болса… Сол кезде алға басамыз. Қазір соны жасатпай отыр ғой. Жан-жақтан басымызды біріктірмей отыр. Ананы тәңіршілге қосады, мынаны Яссауиге қосады, мынаны салафқа қосады. Сөйтіп, біздің мықты деген зиялыларымыздың өзі бытырап кеткен. Ал олардың басы біріккен кезде бізде ренессанс болады. Сол ренессансқа жеткізбей отыр ғой. Соған жетуіміз керек. Абайды, Шәкәрімді, Қожа Ахмет Яссауиді, Бекет Атаны, Мәшһүр Жүсіпті, Әбубәкір Кердерінің ілімін мойындаған кезде басымыз бірігеді. Ал оны мойындамасақ, басымыз бірікпейді, – дейді Мәжіліс депутаты.

– Еділ Терекбайұлы, сіз Ұлттық құрылтай жұмыс секциясының отырысында дінге қатысты терминологияны реттеу қажеттігін айттыңыз. Бұл ойыңыздың басты мәні, мағынасы неде? Дін саласында терминологияны дұрыс қолданбау не нәрсеге әкелуі мүмкін?

ДІННІҢ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМГЕ ЕШ ҚАТЫСЫ ЖОҚ

– Заң ғылымында, құқық ғылымында мына дефиниция анықтамаларының нақты әрі дұрыс болуы көп жағдайға әсер етеді. Ол заңның дұрыс болуына әсер етеді. Бұл мемлекет саясаты мен бағдарламаларының,оны іске асыру механизмдерінің бәрінің дұрыс болуына керек. Егер біз анықтаманы дұрыс бермесек, ертең әркім әр түрлі айтып, әр қалай түсінеді де ол дау-дамайға алып келуі мүмкін. Сол дау-дамай болмас үшін ақты ақ қараны қара деу керек. Біз қараны қоңыр деп айта алмаймыз ғой. Егер біз оған дұрыс анықтама бермесек, қараны біреу жасыл деуі мүмкін. Сондықтан мына дін мәселесінде терминология дұрыс болуы керек. Бізде діни экстремизм», діни терроризм» дейді. Бұл өте қате түсінік. Діннің экстремизм мен терроризмге еш қатысы жоқ. Дінді ғылым деп мойындайтын болсақ, дінді ілім деп мойындайтын болсақ, дін адамды кемел адамға, иман жүзді, рухы мықты адам деп тәрбиелейді десек, оның ешқандай терроризмге, экстремизмге қатысы жоқ. Дін атын жамылған» деп айту керек. Немесе псевдодіни бағыт» деп айту керек. Діни радикализм» дейді. Дін ешқандай да радикалды емес. Ол Құранды білмейтін, хадисті білмейтін, бабалардың, әулиелердің ілімін оқымаған адамдардың жазып жүргені. Әдейі жазып жүр ме, әлде білместікпен жазып жүр ме… Біз осы мәселені көтергенімізде, ол алықаралық терминология» дейді. Халықаралық терминология исламды құрту үшін әдейі істеп жатқан шығар. Егер біз исламды мойындайтын болсақ, ислам мен терроризм, радикализмнің екеуі екі бөлек зат екенін ұғынуымыз ерек. Мейірімді фашист деген болмайды ғой. Фашист ол фашист! Мейірімді қанішер бола ма? Болмайды ғой. Миға қонбайтын нәрсе. Яғни, осыны жазып отырған адамның діннен хабары жоқ,- дейді Еділ Жаңбыршин.

БІЛІМДІЛЕРДІҢ БӘРІ ДІННЕН ҚАШЫП ЖҮР

– Бізде қабылданған бағдарламаның бәрін діни радикализм, діни экстремизм, діни терроризм» деп қойған  Ол – өте қате түсінік. Діннен жұрттың бәрінің шошитыны сол. Өзіңіз айтқандай, ислам десе, намаз десе бәрінің шошитыны сол. Себебі біз оны радикализм, терроризм деп қойдық. Оны біз қанішер, топас, надан дүние қылып қойдық. Шәкәрімнің: Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұспандық қару жасар. Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді, Дін десе білімділер тұра қашар», – деп айтқаны бар ғой. Міне, білімділердің бәрі діннен қашып жүр. Біреу тәңірші боламын дейді, біреу атеист боламын дейді. Тағы біреу бірдене болам дейді. Негізінде діннің мақсаты – адам баласының басын біріктіріп, сені ұлтына, нәсіліне қарамастан бауыр қылу. Мысалы, баяғыда азан шақырған Пайғамбарымыз қара нәсілді адам болды ғой. Ол қара нәсілді болды деп Біләл Пайғамбарымыздың айналасындағы адамдар оны қудалаған жоқ қой. Ол құл болды, оны құлдықтан азат етті. Дін адамдарды оның статусына, нәсіліне, ұлтына қарамай, бір-біріне бауыр етті. Бір-бірін іздеп, кәдімгідей аңсап жүретін етті. Содан да көруге болады.  Біз тарихты зерттеп қарайық. Сол ғұламалардың өмірін қарайық. Бізде мемлекеттік құжаттардың өзінде дін теріс, қаскөй»нәрсе ретінде көрсетіліп жүргеннен кейін оның бәрін дұрыс емес деп ойлаймын. Осының бәрін қайтадан ретке келтіруіміз керек. Оны реттемей, дін туралы заң жазып қажеті жоқ. Бірінші дефиницияны дұрыстап алу керек. Анықтамаларды, терминдерді дұрыстау керек. Сосын барып заңды, тұжырымдаманы, ережелерді жазу керек. Тек содан кейін мемлекеттік бағдарламаларды жазу керек. Егер оларды дұрыстамай, бағанағы дүниелерді жазатын болсақ, одан түк пайда болмайды. Себебі, біз діннің өзін о баста террористік, экстремистік топ» қылып қойдық. Содан кейін кім дінді жақсы көреді? Ешкім жақсы көрмейді. Бәрі қашып жүреді діннен, – деп түйіндеді сөзін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.


ПІКІР ЖАЗУ