Димаш Құдайберген «Оқырман ұлт» республикалық марафонына қатысады
Танымал әнші Димаш Құдайберген «Оқырман ұлт» республикалық марафонына қосылады, деп хабарлайды Politico.kz.
2026 жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы «Оқу мәдениетін дамыту және оқырман ұлтты қалыптастыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжат кітап оқуды дәріптеуге, кітапхана инфрақұрылымын дамытуға және отандық әдебиетті қолдауға бағытталған кешенді шараларды қарастырады.
Димаш Құдайберген марафонға «Парасат» категориясы бойынша қатысуды ұйғарғанын атап өтті.
— Соңғы уақытта оқыған кітаптарымның бірі — белгілі қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыс белсендісі Қәріпбек Күйүковтің «Қолсыз өткен өмір» атты автобиографиялық шығармасы, — деді әнші.
Өнер иесінің айтуынша, ол Қарағандыда Шахтерлар күніне орай өткен концертінің қарсаңында Қәріпбек Күйүковпен жеке кездескен.
— Оның өмір жолы, тағдыр тауқыметіне мойымайтын қайсарлығы мен рухының үстемдігі маған ерекше әсер қалдырды. «Оқырман ұлт» марафоны жаңа кітаптар оқуға, одан өнеге алуға және оқығанды бір-бірімізбен бөлісуге түрткі болсын! — деп жазды Димаш Құдайберген.
«Оқырман ұлт» республикалық марафоны 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін өтеді. Қатысушылар екі тілдік лигада — қазақ және орыс тілдерінде бақ сынайды. Жоба мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және басқа да санаттар үшін жеті бағытты қамтиды.
Соңғы жаңалықтар