Елімізде біреудің әнін рұқсатсыз орындағандар 6 жылға дейін сотталады

0
238

Елімізде біреудің әнін рұқсатсыз шырқап, жазғаны мен жасағанын сұраусыз пайдаланғандар 300 мың теңгеге дейін айыппұл арқалап, 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, деп хабарлады politico.kz 31 арнаға сілтеме жасап.

Әділет министрлігі бүгінде авторлық құқыққа қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізуді қарастырып жатыр. Сондай-ақ тауар белгісін заңсыз пайдаланғандарға да жаза күшеймек.

Жаңа заң жобасында автордың кез келген туындысын рұқсатсыз алып, өз мақсатына пайдаланатындарға жазаны күшейту қарастырылған. Заңсыз ісі үшін азаматтарға 295 мың 360 теңге айыппұл немесе 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл бастамамен композитор Әзиз Балтабекұлы да келіседі. Ол жазаны күшейту заңсыздықтардың алдын алуға сеп болады дейді.

Бізде көп жағдайда әндерді рұқсатсыз алады. Кавер деп жатады, тіпті, кавер болған күннің өзінде автордан бір ауыз сұралып, ауызша болса да рұқсатын алу керек. TikTok-қа жай шығара салдық қой деген сияқты жүрдім-бардым нәрсе дұрыс емес. Егер авторлық құқық мәселесі қатаңдатылып, жаза күшейсе, бұл жүйе біраз орнына келер деп есептеймін, – дейді композитор.

Мейрамханалар мен караокеде орындаушы белгілі бір автордың туындысын шырқау үшін міндетті түрде ұжымдық ұйымдармен шарт жасасуға тиіс. Шартқа сәйкес, шығарма иесіне ай сайын сыйақы беру міндеттеледі. Сондай-ақ министрлік тауар сыртындағы таңбаларды заңсыз пайдалану әрекеттеріне де шара қолданбақ.

Қазіргі ҚР тауар таңбаларын заңсыз пайдалану және жасанды тауар өнімдері нарықта кең таралуы өзекті мәселе болып тұр. Әділет министрлігі Қылмыстық кодекстің 222-бабына сәйкес, мұндай тауарларды пайдалану жөніндегі қылмыстық жазаны қатаңдатпақ. Осылайша, жауаптылар жыл соңына дейін айыппұлдың жаңа түрін енгізбек. Әзірге заң жобасы пысықталып жатыр, – дейді Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы департаментінің бас сарапшысы Ботагөз Сатжанова.

Фото: francher.ru



ПІКІР ЖАЗУ