Әйел атаулының «тілі ұзарып қалды»

0
78

Атышулы Бишімбаев ісінен кейін әйелдер қауымының белсенділігі артты. Себебі заң қатайып, зәбір көрген әйелдер мен балалардың құқығын бұрынғыдан бетер күштірек қорғайтын болды,-деп хабарлайды politico.kz

Әйеліне күн көрсетпейтін дипломаттар, әкімдер әшкере бола бастады. Соңғы күндері әйеліне зәбір көрсетудің оқиғалары тағы да жарияға шығып жүр.

Қостанай облысында ері әйелін өлімші етіп ұрып, талдырып тастаған екен. Есінен танған әйел қар үстінде ес-түссіз жатып қалыпты. Адамдар тауып алып, полицияға хабарламағанда өліп кетер ме еді… Әйтеуір полиция ауруханаға жеткізіпті.

Қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралды. Бір айтарлығы, сотта әлгі әйел ерін қатаң жазаламауды сұраған. Таратылған ақпаратта әлгі ер адам мен бұл әйел заңды некеге тұрмағаны, жай, ерлі-зайыптыларша бірге өмір сүргені келтірілген. Өткен ақпан айында ер адам удай мас халде әйелмен жанжалдасқан. Сөйтіп ол әлімжеттік жасап, әйелді жұдырық пен тепкінің астына алған. Бірнеше жеріне дене жарақатын салған. Әйелді ес-түссіз суық далада қалдырып кеткен. Әйел адам кең, кешірімшіл болады деген рас болар. Сотта әйел ерінің қылмысын ойламай, оның амандығын ойлапты. Қатаң жаза қолданбауын сұрапты, ешқандай талабым жоқ депті. Ері кінәсін сотта мойындады. Істеген қылмысы үшін жаза тағайындалып, 4 жыл 6 айға қамалды.

Ал Ақтауда бір әйел ерінен көрген қорлыққа шыдамай құзырлы органдардан көмек сұрап, өзі қашып-пысып бас сауғалап жүргенін айтқан. Күйеуінен қашып жүргенін айтып прокуратурадан араша сұраған. Күйеуінің соққысынан әзер қашып құтылған келіншектің бейне үндеуін «НеМолчи» қорының президенті Дина Таңсәрі өзінің Instagram парақшасында жариялады.

Зәбір көріп жүрмін деген әйелдің айтуынша, бұл істе құқық қорғау органдары әрекетсіздік танытқан. Ол өз сөзінде күйеуінің үстінен сотта ешқандай іс қозғалмағанына наразылық білдірген. Керісінше, алғашында әйелдің өзінің басына қара бұлт үйірілген сияқты. «Менің үстімнен қылмыстық іс қозғалды, онда күйеуім маған ақша жымқырды деген негізсіз айып тағып отыр. Маған Астанада куәлік етуге рұқсат берілгеніне қарамай, сол уақытта полиция бөлімінің аға тергеушісінен мені Ақтауға әкелу туралы қаулы аламын», – деген әлгі әйел. Ақтаулық әйел өз сөзінде күйеуі оны тамыр-таныс арқылы бала-шағасына, ақшаға қатысты бірнеше рет қорқытып-үркіткенін айтқан. Сөзіне қарағанда, полиция тарапынан оны қорғау нұсқамасы қолына тимеген көрінеді. Оған қоса Ақтауға мәжбүрлеп апару туралы қаулы алғанына күйінеді. «Кәмелетке толмаған балаларым бар және оларды өзім асырап, бағып-қағып отырғандықтан, мен оларды жалғыз қалдыра алмаймын. Маған тұрғылықты жерім бойынша куәлік беруге рұқсат берілсін», – деген ол ол. Өзінің сөзінде бір ай бойы құқық қорғау органдарынан өзін қорғауды сұрағанын, ал олар райынан қайтарғысы келетінін, сол үшін қаладан кетіп қалғанын айтқан. Әйел Маңғыстау облысының прокуратурасына істі жеке бақылауға алып, өзінің және балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық тиімді шараларды тез арада қабылдауын сұрап, арызданған.

Үш баланың анасы күйеуінің қоқан-лоққысы мен қудалауынан кейін Ақтау қаласынан қашып кетуге мәжбүр болғанын айтып шырылдайды. Айтуына қарағанда, күйеуі оны аңдуын тоқтатпаған. Соңғы кездескенінде күйеуі оны көлікпен қуып, жолды жауып, көліктен түсуді талап еткен, терезесін сындырған екен. «Мен тозақта өмір сүрдім. Мен оны 23 жасымда тастап кеткім келді, бірақ менің үш кішкентай балам болды. Ол ата-аналық құқығымнан айырамын деп қорқытты, аңғал және жас едім. Қорықтым. Сөйтіп қайтып келдім. Ақыры ұрып-соғып, ауруханаға түсірді. Палатада жатып, одан ешқандай жағдайда полицияға хабарласпау және оны масқара етпеу керектігі туралы хабарламалар алдым», –  дейді ол.

Бірнеше рет ұрып-соққан соң шыдамаған ол ақпан айында ажырасуға арыз жазып, балаларымен жалдамалы пәтерге көшуді ұйғарған екен. Бірақ қудалау бәрібір тоқтамаған. Осы жағдайға байланысты құзырлы органдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу қорларына, тіпті ел Президентіне де хат жолдаған.

Оның шағымы нәтиже берген болар, алдымен күйеуіне қатысты әкімшілік хаттама түзіліпті. Соңынан қорғау тәртібін бұзғаны үшін қамауға алу түріндегі жаза тағайындалыпты. Материал 10 тәулікке қамауға алу туралы ұйғарыммен сот органына жөнелтілді.

Міне, басындағы ауыртпалықты бұрын айта бермейтін әйелдер осы күні жыр қылып айтып беретін болған. Әрине, өз құқықтарын қорғау мақсатында. Заң қорғап отырғаннан кейін жеке басының жағдайын халыққа айтудың сөкеттігі жоқ та болар. Ал үндемей қорлыққа төзіп жүрген әйелдер қаншама!


ПІКІР ЖАЗУ