Ресей Талибанды мойындады: Қазақстан да сол жолмен кете ме?

"ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ МОЙЫНДАДЫ ЕКЕН ДЕП, ТАЛИБАНҒА ҚАТЫСТЫ ҰСТАНЫМЫН ӨЗГЕРТПЕУІ ТИІС": Саясаттанушы Ауғанстандағы билікке қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай болуы керегін айтты.
2025 жылы 1 шілдеде Мәскеуге Ауғанстанның Ресейдегі жаңа елшісі Гүл Хасан келді. 3 шілдеде Ресейдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко оған сенім грамотасын табыстады. Бұл Ресейдің ресми түрде Ауғанстандағы Талибан үкіметін мойындағанын көрсетеді. Осы орайда, Талибан үкіметіне қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай болуы тиіс? Ресейдің шешімі бізге әсер ете ме?
Қазақстан Талибанды мойындауға асықпауы қажет
Астана Талибан үкіметі билікке келгелі бері Ауғанстанмен «прагматикалық бейтараптық» саясат ұстануда. Оның мәні елмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзбей, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастыққа негізделген. Алайда саяси тұрғыда Астана Талибан билігін мойындамайды.
2021 жылы 15 тамызда Талибан қозғалысы Кабул қаласын күшпен басып алды. Елдің сол кездегі легитимді президенті Ашраф Ғани шетелге қашты. Осылайша 20 жылдық үзілістен кейін Талибандар қайта билікке келді. Бірақ сайлау арқылы емес, төңкеріс жолымен. Бұл халықаралық құқыққа қарама-қайшы. Сондықтан 19 тамызда ҚР Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы биліктің бейбіт транзитін қамтамасыз етуге шақырған.
Сондай-ақ, Астана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «инклюзивті және өкілдік үкімет құру, ұлттық азшылықтар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеу, халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемесін» қолдаған.
Дегенмен Қазақстан Ресей мойындады екен деп, Талибанға қатысты ұстанымын өзгертпеуі тиіс. Өйткені мойындаудың пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеде Қазақстан БҰҰ деңгейінде қабылданған шешімдерді ескереді. Сондықтан Астана асығыс шешім қабылдамайды.
Мойындау Қазақстанның халықаралық беделіне кері әсер етеді
Қазақстанның Талибан билігін мойындауы түрлі геосаяси, экономикалық, құқықтық және діни идеологиялық тәуекелдерге алып келуі мүмкін.
Біріншіден, БҰҰ Талибан үкіметін Ауғанстанның легитимді билігі ретінде таныған жоқ. 2021 жылы 30 тамызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2593 қарарда Талибанды халықаралық талаптарды орындауға шақырғанымен, ресми түрде Ауғанстан билігі ретінде танылмаған. БҰҰ осы құжат арқылы жаңа билікпен қарым-қатынастағы басты басымдық ретінде гуманитарлық көмекті жалғастыру, терроризмнің алдын алу және ауған халқына қолдау көрсете беру екенін мәлімдеген.
Егер Қазақстан Ресей секілді Талибан билігін мойындаса, халықаралық құқыққа қарсы келген болар еді. Еліміздің сыртқы саяси тұжырымдамаларында БҰҰ Жарғысын сақтауға аса мән берілген. Сондықтан Астана халықаралық құқықты бұзбайды.
Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының сессия жұмысына Талибан үкіметінің өкілі ресми қатыса алмайды. 2021 жылдан бері Ауғанстанның БҰҰ-дағы уақытша тұрақты өкілі қызметін атқарушы Ахмад Насир Фаик экс-президент Ашраф Ғани үкіметі кезінде тағайындалған. Талибан қозғалысы билікке келгесін бірнеше рет өз өкілін қоюға тырысқан. Алайда БҰҰ-ның Өкілдіктерді аккредитациялау комитеті жыл сайын Фаиктің мәртебесін сақтап отыр. Бұл Талибан билігінің БҰҰ-да құқықтық мәртебе алмағанының тағы бір дәлелі.
Екіншіден, Астана Мәскеудің ұстанымын қолдап, Талибанды мойындаса, геосаяси оқшаулануға түсіп қалуы мүмкін. Өйткені Ресей Талибанды мойындау арқылы азайып бара жатқан сыртқы саяси серіктестерінің орнын толтырмақ ойы бар. АҚШ Ауғанстаннан әскерін алып кеткенімен, Ресейдің бұл елге ықпалын арттыруына жол бермесі анық. Қала берді, Еуропалық Одақ адам құқығын сақтамай отырған Талибан билігін қолдамайды. Ал Қазақстан батыс әлемінен оқшаулануды қаламайды.
Сондай-ақ, халықаралық сауда мен қаржы айналымынан тыс қалған Ауғанстанмен экономикалық байланыс орнату қиын. Бұдан бөлек, Талибанның идеологиясы бізге тура келмейді. Себебі еліміз діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бағытын ұстанады. Сондықтан Қазақстан қысқа және орта мерзімде Талибан үкіметін мойындамайды. Ұзақ мерзімде БҰҰ мойындаса ғана қарым-қатынасты жоғары деңгейге көтереді.
Ресей мен Қытайдың ұстанымы бір емес
Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі. Оның Талибанды мойындауы елімізге сыртқы саяси қысымды күшейтуі мүмкін. Бірақ біз мұнда Қытайдың да ұстанымын ескеруіміз керек. Себебі ол да Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Ал Қытай Талибанды әлі мойындаған жоқ.
Ия, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин Ресей мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін өз елінің құптайтынын мәлімдеген. Алайда Қытай Талибанды Ауғанстанның уақытша үкіметі деп есептейді. Сондықтан қысқа және орта мерзімде Бейжіңнің Талибан билігін толық мойындауы екіталай.
Десе де ұзақ мерзімде Қытайдың ұстанымы өзгеруі мүмкін. Мәселе Талибан үкіметінің елде билікті ұстап қалу не қалмауында. Себебі мұндай жағдай тарихта болған. 1996-2001 жылдары да олар уақытша билік етті.
Қазақстанға Ресей мен Қытайдың Талибанға қатысты ұстанымы бір болмағаны тиімді. Бұл Ауғанстан мәселесінде саяси маневр жасауға мол мүмкіндік береді.
Саясаттанушы Қыр баласы 2.0
Соңғы жаңалықтар





