1 маусымнан бастап Президенттік жастар кадр резервіне жаңа іріктеу басталады

2025 жылдың 1 маусымынан 30 маусымына дейін Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады – бұл дарынды әрі амбициялы жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған жоба. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеді.
Президенттік резерв – 35 жасқа дейінгі жас мамандар үшін елдің дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретін бастама. 2019 жылы алғаш рет қолға алынғаннан бері бұл бағдарламаға 60 мыңнан астам адам қызығушылық танытып, олардың ішінен 400 адам резервке алынды. Бүгінде бұл резервтегілердің 318-і мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда және басқа құрылымдарда жауапты қызметтерге тағайындалды.
Олардың қызметтік бөлінісі келесідей:
- 167 – орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істейді,
- 37 – әкімдіктерде,
- 62 – ұлттық компанияларда,
- 52 – басқа ұйымдарда. Резервистердің 39-ы саяси лауазымдарды атқарса, 2-еуі Мәжіліс, 1-еуі мәслихат депутаты болды.
2025 жылғы іріктеудің ерекшеліктері
Биылғы іріктеу мемлекеттік аппараттың қазіргі басымдықтарын көрсететін жеті салалық бағыт бойынша жүргізіледі:
- Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам
- Инфрақұрылымды дамыту
- Өнеркәсіп және сауда саясаты
- Экономика және қаржы
- Цифрландыру
- Агроөнеркәсіптік кешен және экология
- Сыртқы саясат және инвестициялар
Кадрларды салалар бойынша біркелкі бөлуді қамтамасыз ету үшін әр бағытқа жеке квота бөлінеді. Кандидаттар тіркелу кезінде тек бір бағытты таңдай алады.
Кім қатыса алады?
Үміткерлер келесі талаптарға сай болуы тиіс:
- Жасы 35-тен аспауы керек
- Қазақстан азаматтығы болуы қажет
- Жоғары білімі болуы тиіс
- Жұмыс тәжірибесі талап етіледі (бейініне байланысты)
- Қазақ тілін B1 деңгейінен төмен емес меңгеруі қажет
Іріктеу кезеңдері
Іріктеу процесі алты кезеңнен тұрады:
- Құжаттарды pkrezerv.gov.kz порталы арқылы онлайн тапсыру
- Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеуге арналған тестілеу (онлайн-прокторинг жүйесімен)
- Эссе және ситуациялық тапсырмалар – талдау және проблемаларды шешу дағдыларын бағалау
- Ассессмент-орталық – құзыреттіліктерді жеке және топтық тапсырмалар форматында бағалау (Мемлекеттік басқару академиясында)
- HR-сарапшылармен құзыреттіліктер бойынша сұхбат
- Ұлттық комиссия – 50 үздік кандидатты резервке қабылдау туралы қорытынды шешім қабылдау
Әр кезеңде анонимділік қағидаты сақталады – субъективті факторлардың ықпалын болдырмау үшін кандидаттарға жеке нөмірлер беріледі.
Ашықтық және нәтижелер
Әр кезеңнің нәтижелері қатысушылардың жеке кабинеттерінде және жобаның ресми сайтында қолжетімді болады. Осылайша, іріктеу процесі ашық және объективті болып қалады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Қазақстанға қоғам мүддесі үшін жұмыс істеуге дайын адал, білімді және бастамашыл жастар қажет екенін айрықша атап өтті: «Нақты нәтижеге және қоғамдық құндылықтарға бағдарланған мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру – біздің Агенттіктің негізгі басымдықтарының бірі. Біз елді жақсы жаққа өзгерткісі келетін және өзгерте алатын жастарды күтеміз».
Дереккөз: CMN.KZ
Соңғы жаңалықтар





