188 күннен 1 күнге қысқарды: Қазақмыс кәсіпорындарына жедел сатып алу картасы енгізілді
Биылғы жылдың шілдесінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндіріске шұғыл қажет заттарды жеңілдетілген тәртіппен алуға мүмкіндік беретін арнайы карта енгізді. Бұрын бұл процесс 188 күнге дейін созылатын, деп хабарлайды Politico.kz.
Жедел сатып алу картасы өндірістегі апаттық жағдайлар мен жөндеу жұмыстары кезінде қолданылады. Егер қоймада қажетті бөлшек болмаса, оны стандартты рәсіммен күту жұмысты баяулатуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жабдықтың тоқтап тұруына әкеледі. Жаңа жүйе осындай кедергілерді жою үшін арнайы құрылған.
Карта іске қосылған алғашқы айда 20 бөлімше құны 6,4 млн теңгеден асатын 71 түрлі тауар сатып алды. Олардың қатарында өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық қажетке жарайтын құрал-саймандар, қосалқы бөлшектер, шығыс материалдары мен жабдықтар бар. Ең бастысы әр тапсырысқа небәрі бір күн ғана жұмсалды. Бұрын осындай тауарларды стандартты рәсім бойынша сатып алу 88 күннен 188 күнге дейін уақыт алатын.
Жұмысшылардың өтініші қаралып, бұл карта бойынша жалпы жылдық лимит айтарлықтай өсті. Қазір ол 57 млн теңгеден 252 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Әр кәсіпорынның өз лимиті 2026 жылға жоспарланған сатып алу көлемі ескеріле отырып есептелді.
Бұдан бөлек сатып алуды рәсімдеуге қажетті құжаттардың бірыңғай тізбесі бекітіліп, келісу процесі жеңілдеді. Жүйені әзірлеу барысында өтінімді алдымен бас директорлар бекітіп, одан кейін Сауда үйінің директорына жолдау көзделген еді. Енді құжатқа зауыт, кеніш немесе шахта директоры ғана қол қояды. Одан кейін өтінім тікелей сатып алуды үйлестіру бөліміне кетеді.
Аталған бөлім құжаттарды жинауды және одан әрі сүйемелдеуді толық өз мойнына алды. Ал өндірістік бөлімше тек сұраныс дайындайды. Кейін олар келген тауарлық-материалдық құндылықты қабылдайды және оның мақсатына сай пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Бұл өзгерістер маусым айынан бері компания басшылығы мен еңбек ұжымдары арасында өткен кездесулердің нәтижесінде туындады. Жұмысшылармен тікелей диалог орнату басшылықтың негізгі басымдықтарының біріне айналды. Жедел сатып алу картасы қызметкерлердің ұсыныстарын ескеріп, оларды нақты шешімге айналдырудың алғашқы нәтижесі болды.
Қазір кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлімшелер айқындалды. Қабылданған барлық шешімнің іске асырылуы басшылықтың тұрақты бақылауында тұр. Корпорация барлық өңірде сатып алудың толық циклі аяқталған соң жүйенің жұмысын талдап, кәсіпорындармен кері байланыс орнатады. Анықталған ескертулер механизмді одан әрі жетілдіру барысында міндетті түрде назарға алынады.
Соңғы жаңалықтар