200 студент шетелде шарасыз қалды: Лос-Анджелестегі жағдайға қатысты СІМ жауап берді
Қазақстандық студенттер әлеуметтік желіде Лос-Анджелеске ұйымдастырылған сапар кезінде туындаған жағдай туралы айтып, туркомпанияға шағымданды, деп хабарлайды Politico.kz.
Олардың сөзінше, сапардың бесінші күнінде тур тоқтатылып, 200-ге жуық студент баспанасыз және қаражатсыз қалған.
Студенттердің айтуынша, ұйымдастырушылар турды күтпеген жерден тоқтатқан. Соның салдарынан шетелде жүрген қатысушылардың бір бөлігі қонақүйге төлеуге қаражатсыз қалған.
«Ұйымдастырушылар 200 студентті шетелдегі үлкен қалада қиын жағдайда қалдырды. Тур бесінші күні тоқтатылды. Студенттердің қонақүйге төлейтін ақшасы жоқ», – деп жазды студенттердің бірі Instagram парақшасында.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Ведомство өкілдері сапарды ұйымдастырушылармен байланыста екенін мәлімдеді.
СІМ мәліметінше, қазақстандықтардың басым бөлігі елге қайтып кеткен немесе жолда келе жатыр. Алайда кейбір қатысушылар Лос-Анджелесте кері рейсіне дейін қалуы мүмкін.
Министрлік студенттердің әуе билеттерін өздері сатып алғанын және олардың қайту бағыттары әртүрлі екенін атап өтті. Сондықтан барлық қатысушының елден шығып кеткенін әзірге нақты растау мүмкін емес.
Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы жағдайды бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда азаматтарға консулдық көмек көрсетуге дайын.
Қазіргі уақытта қазақстандықтардың дипломатиялық өкілдіктерге ресми түрде жүгінгені туралы ақпарат жоқ.
Соңғы жаңалықтар