Әкім өзге әкімнің көлігімен адам қағып кетті: қылмыстық іс қозғалды

19.02.2026 15:32 Арман Ермеков
Әкім өзге әкімнің көлігімен адам қағып кетті: қылмыстық іс қозғалды
281
Ауыл әкімі адам қағып кетті / Фото: instagram.com/arnur_sartov, pravosentr_kst_kz. Коллаж: Politico.kz

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Обаған ауылдық округінің бұрынғы әкімі Самрат Байдақов өзге әкімге тиесілі көлікпен жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған, деп хабарлайды Қостанай облысының құқық қорғау орталығы.

Орталықтың мәліметінше, оқиға биылғы 13 қаңтарда Обаған ауылының Амеличкина көшесінде болды. Сол кездегі Обаған ауылдық округінің әкімі Самрат Байдақов Қостанай облысы Алтынсарин ауданы Большой Чураков ауылдық округі әкімі Берік Ғалымға тиесілі Hyundai Elantra маркалы автокөлігін тізгіндеп, жаяу жүргінші Ертай Сәрсенбаевты қағып кеткен. Жедел жинақтама деректеріне сүйенсек, жүргізуші зардап шеккен адамға көмек көрсетпей, оны қалдырып кеткен. Ауыр жарақат алған 1974 жылғы азамат сол күні таңғы сағат бестер шамасында өз үйінде көз жұмды.

Сот-медициналық сараптамасы марқұмның жамбасы мен сол жақ аяғына ауыр зақым келіп, шоктан қайтыс болғанын растады. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күдікті ретінде Самрат Байдақовты ұстады.

Құқық қорғау орталығы бұл қылмыстық істі тергеу барысында нақты мән-жайды бұрмалау әрекеттері болуы мүмкін екенін жеткізді. Олардың мәліметінше, күдіктінің құқық қорғау органдарында, мәслихат пен жергілікті басылымдарда туыстары жұмыс істейді.

Бұған дейін Алтынсарин ауданы әкімінің аппараты оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан болатын. Дегенмен кейінірек шенеуніктің дәл сол қылмыс болған 13 қаңтар күні өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш жазғаны белгілі болды.

Қостанай облыстық полиция департаменті редакциямыздың сауалына жауап беріп, аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Алтынсарин ауданы Обаған ауылында жүргізуші «Hyundai Elantra» автокөлігін басқара отырып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, бірқатар тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тексеру қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасына қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция департаментінің өкілі.

Самрат Байдақов Обаған ауылдық округінің әкімі болып 2025 жылғы 14 қазанда тағайындалған, ал бұған дейін ол осы мекемеде әлеуметтік қамтамасыз ету секторының меңгерушісі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта ауылдық округ әкімдігінің ресми сайтында өзге адам әкім ретінде көрсетілген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий