Каспийдегі 14 сарбаздың өлімінен кейін Бектенов Қорғаныс министрлігіндегі олқылықтарды мойындады
Каспийдегі әскери жаттығу кезінде 14 сарбаздың қаза табуы Қорғаныс министрлігіндегі бірқатар жүйелі олқылықты анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.
Тексеру нәтижесінде жаттығу барысындағы қауіп-қатерді бағалау, қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылау және қауіпті жағдайда жаттығуды дер кезінде тоқтату мәселелерінде кемшіліктер болғаны белгілі болды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қайғылы оқиғадан кейін Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев әскери, арнайы және құтқару жаттығулары кезіндегі қауіпсіздік ережелерін қайта қарауды ұсынған болатын. Ол Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарына барып, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен кездескенін айтты.
Депутаттың пікірінше, жаттығуға қатысатын әрбір сарбазға орналасқан жерін анықтайтын электронды құрылғы берілуі керек. Мұндай құрылғы адамның нақты координаттарын көрсетіп қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі тиіс. Сондай-ақ сарбаз ұзақ уақыт қозғалыссыз қалса немесе суға түсіп кетсе, жүйе автоматты түрде дабыл беруі қажет.
Бұдан бөлек, ол жаттығу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы тұрақты бақылау жүргізуді, әскери қызметшілердің денсаулығы мен ауа райы жағдайын үнемі қадағалауды ұсынды. Қауіп туындаған жағдайда жаттығуды дереу тоқтату қажеттігін атап өтті.
Премьер-министрдің жауабына сәйкес, Қазақстанда мұндай технологиялардың бірқатары қазірдің өзінде қолданылады. Қарулы күштер әуеден бақылау үшін дрондарды пайдаланады. Кейбір күштік құрылымдарда әскери қызметшілердің орналасқан жері мен физикалық жағдайын бақылайтын құрылғылар бар. Сонымен қатар мемлекеттік органдар «Қазгидрометтен» ауа райы болжамдары мен дауылды ескертулер алып отырады.
Алайда бұл мүмкіндіктер Каспийдегі қайғылы жағдайдың алдын ала алмаған.
«Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғалар оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде жүйелі мәселелер бар екенін көрсетті. Қорғаныс министрлігінің кешенді тексеруі жаттығу барысын бақылау, ықтимал қауіптерді бағалау және жағдай өзгерген кезде жедел әрекет ету дайындығында кемшіліктер бар екенін анықтады. Атап айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті назар аударылмаған, қауіпсіздік талаптарының сақталуы тиісті деңгейде бақыланбаған және жаттығудың қауіпті кезеңдерін уақытында тоқтату жөнінде шешім қабылдау кешіккен», – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әскери реформа жоспарының жобасы әзірленгенін де хабарлады. Құжатта әскери басқару жүйесін өзгерту және оқу-жаттығуларды жоспарлау кезінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін міндетті түрде ескеретін бірыңғай талаптарды енгізу көзделген.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде толқын 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.
Соңғы жаңалықтар