Александр Пак 10 жылын қандай түрмеде өткізеді?

23.06.2026 14:29 Әсел МҰРАТ
Александр Пак 10 жылын қандай түрмеде өткізеді?
192
Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Алматыда әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол апатына қатысты үкім шықты. Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол жазасын классикалық колонияда өтемейді – сот оны қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге жіберді, деп хабарлайды Politico.kz.

Tengrinews.kz қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің өзге түрмелерден несімен ерекшеленетіні туралы толығырақ зерттеді.

Қауіпсіздігі барынша төмен мекеме дегеніміз не?

Адвокат Абзал Қасымжановтың түсіндіруінше, бұл режим Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесіндегі ең жеңіл түрі болып саналады. Соған қарамастан, ол бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуді көздейді, демек, сотталғандар үшін белгілі бір шектеулер сақталады.

«Мазмұны жағынан олар қоныс колонияларына барынша жақын және қауіпсіздігі орташа, жоғары немесе төтенше мекемелермен салыстырғанда қатаңдығы төмен жағдайларды қарастырады. Мұндай мекемелердің негізгі мақсаты сотталған адамды оқшаулау ғана емес, сонымен бірге оны қоғамға қайта оралуға дайындау», – деп атап өтті заңгер.

Айта кетерлігі, мұндай мекемелерде қарулы күзет болмайды. Бұл туралы ҚАЖК толығырақ айтып берді.

«Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандар күзетсіз, бірақ мекеме әкімшілігінің бақылауы мен қадағалауында болады», – деп түсіндірді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

Ол жерге кімдер түседі?

Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге екі жағдайда түсуге болады:

  1. Сот үкімі бойынша (бастапқыда): ол жерге қылмысты алғаш рет және, әдетте, абайсызда жасағандар (мысалы, жол апаты салдарынан) жіберіледі;
  2. Ынталандыру ретінде: егер сотталғандар түзелу жолына түсіп, өзін жақсы жағынан көрсетсе және адал еңбек етсе, оларды қатаң немесе орташа колониялардан сонда ауыстыруы мүмкін.

Сотталғандарға не істеуге болады және неге тыйым салынған?

ҚАЖК сотталғандарға мекеме аумағында ұстауға тыйым салынған заттардың нақты тізімін көрсетті. Тыйым салынған заттардың тізіміне мыналар кірді:

  • ұялы телефондар және басқа да байланыс құралдары;
  • аудио, фото және бейнежазба функциялары бар компьютерлер мен техникалар;
  • атыс қаруы және суық қару;
  • жарылғыш заттар;
  • есірткі және психотроптық заттар;
  • әскери үлгідегі киімдер;
  • алкогольдік ішімдіктер;
  • дәрігердің рұқсатынсыз құрамында есірткі компоненттері бар медициналық препараттар.

Бұл ретте қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің ішіндегі жаза өтеу жағдайлары да бірнеше деңгейге бөлінеді – кәдімгі, жеңілдетілген және қатаң.

Кәдімгі жағдайлар: апта сайын моншаға бару

Кәдімгі жағдайдағы сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады. Оларға мыналарға рұқсат етіледі:

  • белгіленген уақытта мекеме аумағында еркін жүріп-тұруға;
  • әкімшіліктің рұқсатымен мекеме аумағынан тыс жерлерге, бірақ іргелес аумақ шегінде қадағалаусыз шығуға – егер бұл жұмыс бабымен, оқу үшін, бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алу немесе моншаға не шаштаразға бару үшін керек болса. Мұны айына төрт рет, сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жасауға болады;
  • арнайы форманың орнына кәдімгі азаматтық киім киюге;
  • өзімен бірге ақша мен құнды заттарды ұстауға;
  • ақшаны ешқандай шектеусіз пайдалануға;
  • жақындарымен көрісуге – айына бір рет қысқа мерзімді және бір рет ұзақ мерзімді кездесу.

Жеңілдетілген жағдайлар: отбасымен бірге тұруға болады

Жеңілдетілген жағдайға ауыстырылған сотталғандар да жатақханаларда немесе камераларда тұрады, бірақ олар кәдімгі жағдайларға қоса қосымша құқықтарға ие болады:

  • әр апта сайын бір қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесу;
  • отбасымен бірге тұру – жалдамалы немесе жеке тұрғын үй алаңында, бірақ тек мекеме орналасқан елді мекеннің шегінде ғана.

«Бұл ретте олар мекеме бастығының қаулысымен белгіленген күндері айына төрт рет мекемеге тіркелу үшін келуге және тұрғылықты жері бойынша сағат 21:00-ден 7:00-ге дейін болуға міндетті. Мекеме әкімшілігі сотталғандар тұратын тұрғын үйлерге тәуліктің кез келген уақытында баруға құқылы», – деп хабарлады ҚАЖК.

Қатаң жағдайлар: 3 айда бір рет кездесу

Бұл үш режимнің ішіндегі ең шектеулісі. Сотталғандар мұнда да жатақханаларда немесе камераларда тұрады, бірақ барлық дерлік құқықтар әкімшіліктің жеке рұқсатын талап етеді:

  • мекеме аумағында жүріп-тұру – тек әкімшіліктің рұқсатымен;
  • азаматтық киім кию;
  • ақшаны шектеусіз пайдалануға;
  • бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алу үшін мекемеге іргелес аумақтан тыс жерлерге шығуға – бірақ тек әкімшіліктің рұқсатымен және айына бір рет қана, сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін;
  • жақындарымен кездесуге – тоқсанына бір рет қысқа мерзімді кездесу және жарты жылда бір рет ұзақ мерзімді кездесу құқығы беріледі.

Жұмыс істеуге бола ма?

ҚАЖК мәліметінше, мекеме әкімшілігі сотталған адамды өз кәсіпорнына да, одан тыс жерлерге де жұмысқа жібере алады – бірақ тек сол облыстың шегінде.

«Сотталғандар мекеме әкімшілігі мен жұмыс беруші арасындағы шарттар негізінде мекеме орналасқан тиісті облыс шегіндегі өзге ұйымдарда тұру құқығынсыз жұмысқа орналастырылуы мүмкін. Мінез-құлқының теріс дәрежесі бар сотталғандарға қылмыстық-атқару жүйесінің мемлекеттік мекемелерінен тыс жерде тұру құқығы берілмейді», – деп хабарлады комитет.

Сотталғандар жоғары білім ала алады

ҚАЖК сотталғандардың жоғары білім алуына болатынын нақтылады.

«Сотталғандарға мекеме орналасқан тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, елорданың аумағында орналасқан жоғары және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында сырттай оқуға, соның ішінде мекемеде тиісті техникалық жағдайлар болған жағдайда қашықтан оқуға рұқсат етіледі», – деп нақтылады ведомство.

Адвокат Абзал Қасымжанов еңбек және білім беру қызметіне қатысу сотталғанның алдағы тағдырына тікелей әсер ететінін айтады.

«Жұмысқа орналасу және түзеу бағдарламаларына қатысу көбіне шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жаза өтеу шарттарын одан әрі жеңілдету мәселелерін шешу кезінде ескеріледі», – деп түсіндірді Қасымжанов.

Александр Пак 10 жылдық мерзімін қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде – Қазақстандағы түзеу мекемелерінің ең жеңіл түрінде өтейді деп күтіледі. Бұл ретте үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Қорғаушы тарап та, жәбірленушілер де оған апелляциялық сатыда шағым түсіре алады.

Еске сала кетейік, 22 маусымда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 33 жастағы Александр Пакқа қатысты үкім шықты. Судья оны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды – «Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы».

Войдите, чтобы оставить комментарий