«Аллаға шүкір»: Жәнібек Әлімханұлы күтпеген мәлімдеме жасады

11.03.2026 15:45 Әсел Мұрат
«Аллаға шүкір»: Жәнібек Әлімханұлы күтпеген мәлімдеме жасады
147
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылған болатын.  Осыдан кейін боксшы өзінің Instagram парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты: IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да, қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын. Бір титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса, 8 айдан соң рингке шығамын. Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпен шауып біте алмайды! Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды! Біз әлі аяқтаған жоқпыз, меніңше бәрі енді басталатын сияқты! Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес. Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз! Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар; азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар. Бұл – өмір заңы. Әр қиындықтан кейін қуаныш барын ұмытпаймыз", – деді Әлімханұлы.

Сондай-ақ боксшы допингке қарсы екенін, бұл оның басты ұстанымы екенін атап өтті.

«Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті. Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы – ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі. Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет!», – деді Әлімханұлы.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий