ҚФФ «Ақтөбеге» 2 млн теңгеден астам айыппұл салды

ҚФФ «Ақтөбеге» 2 млн теңгеден астам айыппұл салды
Коллаж: ФБРК

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы даулы матчтан кейін тәртіптік шешім шығарды. Нәтижесінде «Ақтөбе» клубына жалпы 2 162 500 теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, команданың бас бапкері де жазаланды, деп хабарлайды Politico.kz.

20 қазанда ҚФФ Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті Премьер-лиганың 23-туры аясында өткен матчта болған оқиғаларды қарап, бірнеше шешім қабылдады.

Федерацияның хабарлауынша, «Ақтөбе» клубы ойын кезінде қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген: клуб директоры Б. Дүзелбаев төрешілер бөлмесіне рұқсатсыз кірген. Осы үшін командаға 300 АЕК немесе 1 297 500 теңге айыппұл салынды.

Бұған қоса, жанкүйерлердің матчтың ресми өкілдеріне балағат сөздер айтып, қарсылас команданы қорлағаны үшін клуб тағы 200 АЕК немесе 865 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Осылайша, «Ақтөбе» клубына салынған екі айыппұлдың жалпы сомасы 2 162 500 теңгеге жетті.

Ал команданың бас бапкері Игорь Черевченко абырой мен беделге нұқсан келтіретін мәлімдеме жасағаны үшін 50 АЕК немесе 216 250 теңге айыппұл арқалады. Бапкерге салынған айыппұлды қосқанда, жалпы сома 2 378 750 теңге болады.

Жазадан «Ордабасы» да құтылған жоқ. Шымкенттік команда футболшылары киім ауыстыратын бөлмеден кеш шығып, матчтың басталуын үш минутқа кешіктірген. Сол үшін клубқа 60 АЕК немесе 259 500 теңге айыппұл салынды.

Барлық айыппұл 20 қарашаға дейін төленуі тиіс.

«Клубтар ойындарды талапқа сай өткізуге, өз өкілдері мен жанкүйерлерінің тәртібіне, сондай-ақ жарысқа қатысушылардың барлығының ортақ ережелерді сақтауына тікелей жауапты», деп ескертті Қазақстан футбол федерациясы.

Еске салайық, «Ордабасының» 3:1 есебімен жеңісімен аяқталған матчтан кейін әлеуметтік желіде үлкен дау туған еді.

Оған «Ақтөбе» жанкүйерлері көтерген плакаттардың бірі себеп болды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі плакатта қарсылас командаға, соның ішінде ұлтына байланысты тіл тигізетін сөздер жазылғанын мәлімдеген.

Кейін полиция плакат ұстаған кәмелетке толмаған қыздарды анықтап, олармен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ал қыздардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осы оқиғадан кейін «Ақтөбе» клубы жанкүйер қыздарды қолдап мәлімдеме жасап, оларға салынған айыппұлды төлеуге дайын екенін хабарлаған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу