«Алматыда жол апатынан үш адам көз жұмды»: қазақстандықтар әділдік талап етті

24.03.2026 15:10 Әсел Мұрат
«Алматыда жол апатынан үш адам көз жұмды»: қазақстандықтар әділдік талап етті
296
Фото: видеодан скрин

21 наурызда Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апатынан үш адам қаза тапқан еді. Марқұмдардың туыстары күдіктінің бостандықта жүргенін айтып, тергеудің әділ түрде жүргізілуін талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Жантүршігерлік жол апаты туралы 

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. 

Жол апатының видеосы желіде тарап, ол қызу талқыға түсті. Марқұм болған жүргізуші мен жолаушылардың туыстары мен таныстары әсерлі жазбасы жариялады. Олар тергеудің әділ жүргізіліп,  соттың ашық өтуін талап етті.

«Менің құрбым Әл-Фараби көшесінде болған жол апаты салдарынан қаза болды. Бұл видеода оның өмірінің соңғы секундтары жазылған. Біз сол сәтте ол не сезінгенін, не ойлағанын білмейміз. Бір адамның кесірінен қазір ол жер қойнында жатыр. Одан бөлек тағы екі адам, жүргізуші және Құмардың құрбысы. Олар кінәсіз. Біз ашық сотты талап етеміз! Құрметті президент, осы істі жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз. Менің Құмарым өмірді жақсы көретін, ол мейірімді, шынайы, әрдайым күліп жүретін. Бүгін біз оны жерледік, енді оның бұл өмірде жоқ екеніне сену қиын. Оны қайтару мүмкін емес. Тек естеліктер қалды… сондай-ақ енді орындалмайтын арман-мақсаттар. Бірақ біз бір нәрсені анық білеміз: біз әділдік үшін күресеміз», – деп жазды желі қолданушысы.

Жол апаты кезінде қаза тапқан жүргізушінің де жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті.

«Менің ағам 21 наурызда түнде болған жол апатынан қаза болды. Ол сол күні барлығымен қоштасуға кеткен, анасын ұзақ құшақтап, бәрі дұрыс болатын айтып, уәде берген. Бір ай бұрын ол армандаған көлігін сатып алған еді және енді бәрі түзеледі деп ойлаған. Ағам соңғы күндері жақсы ұйықтап жүргенін, жаны тыныштық тапқанын айтатын. Mercedes көлігінің жүргізушісі менің ағам еді. Үш күн бойы жерлеу рәсімімен жүгірдік, енді түсіндік: егер резонанс болмаса, кінәлі адам тиісті жазадан құтылып кетуі мүмкін», – деп жазды желі қолданушысы.

Туыстарының айтуынша, марқұм отбасының жалғыз асыраушысы болған.

«Ағам отбасының жалғыз асыраушысы және тәтем үшін жарық сәуле еді. Енді тек естелік қана қалды. Менің жиенім қаза тапты… Әлі 30-ға да толмаған. Ішпейтін, шекпейтін, такси жүргізетін… Неге? Үш бірдей жас адам жазықсыз қаза тапты. Алты жастағы қызына әкесінің енді жоқ екенін қалай түсіндіреміз?» — деп жазды жүргізушінің туысы.

Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, Zeekr 9X көлігін компаниялары көлік саласында жұмыс істейтін 32 жастағы танымал кәсіпкер Александр Пак тізгіндеген. Ол Алматының жоғарғы бөлігінде тұрады.

«Оның тұрғылықты мекенжайында екі компания тіркелген –  «ГУ ХОЗУ Алматы» және «Глобал Партнер» ЖШС. Александр Пак – екеуінің де құрылтайшысы. Бірінші ұйым 2025 жылы пайда болған және 12 ай ішінде салық ретінде шамамен 500 мың теңге төлеген. Ал екінші компания «Глобал Партнер»ЖШС 2024 жылдың күзінен бастап бюджетке 50 миллион теңгеден астам салық төлеген. Ал оның мінген қытайлық көлігі шамамен 100 мың доллар тұрады. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігінде 5-тен 10 жылға дейінгі жазалау қарастырылған. Көбіне бұл баппен сотталғандарды төмен қауіпсіздікті колонияға жібереді», – делінген жазбада.

Сондай-ақ оқиға куәгерлері Zeekr 9X басқа көліктермен жарысқанын айтады. 

Марқұмдардың достары мен жақындары, желі қолданушылары істің ашық қаралуын және кінәлілердің жазалануын талап етуде.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий