Алматыдағы марафонда екі қатысушы көз жұмды

Алматыдағы марафонда екі қатысушы көз жұмды
20.04.2025 14:20
0
208

20 сәуірде өткен Almaty Half Marathon кезінде екі қатысушы көз жұмды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади. Екеуі де 21,1 шақырымдық жартылай марафон қашықтығын жүгіріп өтпек болған және Алматыдағы жарыстардың тұрақты қатысушылары еді.

Ұйымдастырушылар ережеге сәйкес әрекет еткен: медициналық қызмет, жедел жәрдем мен полиция жедел әрі уақтылы әрекет етті. Қабылданған шараларға қарамастан, қатысушылардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, - деп хабарлады «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры.

Жартылай марафон 20 сәуір күні таңертең Бірінші Президент саябағынан Орталық стадионға дейінгі бағыт бойынша өтті. Аққоян Рсалиев 2021 жылдан бері жарыстарға тұрақты түрде қатысып келген.

Бұған дейін ол Almaty Half Marathon мен Almaty Marathon жарыстарында 21,1 және 10 шақырымдық қашықтықтарды сәтті еңсерген.

Бүгінгі жартылай марафонда ол Әл-Фараби даңғылы бойындағы алғашқы шақырымда өзін кенеттен жайсыз сезінді. Бір минуттан кейін жедел жәрдем жеткенімен, ер адамның тамыры соқпай тұрған.

«Сағат 8:15-те полиция қызметкерлері бір қатысушының құлағанын хабарлады. Жедел жәрдем бір минут ішінде жетті, бірақ тамыр соғысы болмады. Реанимациялық шаралар хаттамаға сәйкес жүргізілді. Алдын ала диагноз – өкпе артериясының тромбоэмболиясы. Созылмалы артериялық гипертензиясы болған», – деді 2/51 бригадасының дәрігері Әлібек Хожаназаров.

Екінші көз жұмған – Нұрбол Ахмади. Ол бұған дейін 2025 жылғы Winter Run жарысында 10 шақырымдық қашықтыққа жүгірген.

Сондай-ақ, Астана мен Алматыдағы жартылай марафондарға және Алматы марафонына тіркелген.

Бүгін Алматыдағы жартылай марафон кезінде 16-шы шақырымда есінен танып қалған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер алғашқы көмек көрсеткенімен, нәтиже болмаған – ол жедел жәрдем бригадасы келмей тұрып қайтыс болған.

«Біз жеткенде, сағат 9:18-де, мойын күре тамырында тамыр соғысы болмады, тыныс алуы жоқ, қысымы нөлге тең еді. Реанимациялық шаралар хаттамаға сай жүргізілді. Бірақ нәтиже болмады. Қайтыс болу фактісі 103-бригада келгенге дейін тіркелді. Алдын ала диагноз – өкпе артериясының тромбоэмболиясы, жедел жүрек жеткіліксіздігі», – деді 8/58 бригадасының дәрігері Айгерім Есдәулетова.

Дәрігерлердің айтуынша, нақты өлім себебі сот-медициналық сараптама нәтижесінде анықталады және жақын күндері марқұмдардың туыстарына хабарланады.

«Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева атап өткендей, қатысушылардың қауіпсіздігі – ұйымдастырушылардың басты басымдығы.

«Жарысқа тіркелу кезінде барлық қатысушылар өздерінің спорттық шараға қатысуға физикалық тұрғыдан дайын екендігін және өз денсаулығына толық жауапты екенін растап, қолхатқа қол қояды – бұл әлемдік марафондарда кең тараған тәжірибе. Almaty Marathon қатысушылары үшін жыл бойы біз тегін ашық жаттығулар мен қауіпсіз жүгіру тақырыбында сарапшылармен дәрістер өткізіп келеміз. Жарыс күні әрбір тамақтану нүктесінде алғашқы көмек көрсетуге қажет медициналық қызметкерлер кезекшілік етеді. Барлық жарыс маршруттары полиция мен жедел жәрдем қызметтерімен алдын ала егжей-тегжейлі келісіліп, дайындалады», – деді Салтанат Қазыбаева.

«Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтады. Ұйымдастырушылар марқұмдардың отбасыларымен байланысқа шығып, оларға материалдық көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий