Алматының экс-әкіміне қатысты іс жабылды

30.09.2026 • 11:29 Әсел МҰРАТ
Алматының экс-әкіміне қатысты іс жабылды
207
Фото: Politico.kz/Максим Золотухин

Швейцарияда Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның отбасына қатысты қылмыстық тергеу түпкілікті тоқтатылды. Істің жабылуына қылмыстық қудалау мерзімінің өтуі себеп болған, деп хабарлайды Politico.kz Forbes Kazakhstan-ға сілтеме жасап. 

Істің аяқталғаны туралы ақпарат Храпуновтар отбасының ресми мәлімдемесінде жарияланды. Сондай-ақ бұл ақпарат сот істерін зерттеуге маманданған швейцариялық Gotham City басылымының материалдарында да расталған.

Храпуновтар отбасының өкілдері соттың айыптау үкімі болмағандықтан, бұл шешімді «заң тұрғысынан толық ақталу» деп бағалап отыр. Алайда швейцариялық журналистер шешімнің құқықтық мәнін нақтылаған. Маусым айында Женева соты ақшаны жылыстатуға қатысты істің қылмыстық қудалау мерзімінің өтуіне байланысты ғана тоқтатылғанын растаған.

Сонымен қатар Gotham City мәліметінше, 2025 жылы қазанда сот Женева прокуратурасын да сынға алған. Сот тергеудің 17 ай бойы іс жүзінде жүргізілмей келгенін атап өткен.

Бұл Қазақстандағы үкімге қалай әсер етеді

Forbes Kazakhstan жазуынша, Швейцария сотының процессуалдық шешімдері Қазақстанда шығарылған үкімнің күшін жоймайды және оған әсер етпейді.

2018 жылы қазанда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Виктор Храпуновты сырттай 17 жылға, ал оның жұбайы Лейла Храпунованы 14 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Заңгерлер мен сарапшылардың айтуынша, Женева юрисдикциясындағы істің тоқтатылуы тағылған айыптардың жалған деп танылғанын білдірмейді. Мәселе Швейцария сот органдары Қазақстандағы қылмыстық іс материалдарын өз тергеуін жалғастыруға жеткілікті негіз ретінде пайдалана ала ма деген құқықтық бағалауға қатысты болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий