«Алты рет пышақ сұққан»: Талдықорғанда футбол көруге кеткен студент көз жұмды

19.05.2026 08:53 Әсел Мұрат
«Алты рет пышақ сұққан»: Талдықорғанда футбол көруге кеткен студент көз жұмды
314
Фото: ашық дереккөз

Талдықорғанда футбол матчын көруге кеткен 20 жастағы студент Жәңгір Нұрланұлы көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмның анасының айтуынша, 7 мамыр күні кешке ұлы достарына футбол көруге кеткен. Пәтерде шамамен он шақты адам болған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да жүрген.
Мәліметтерге сәйкес, жастар арасында жанжал туындаған. Келіспеушіліктен кейін олар сыртқа шыққан, алайда біраз уақыттан соң қайта кездескен. Анасының сөзінше, мектеп оқушысы Жәңгірді қайта шақырып алып, оған алты рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған жігіт оқиға орнында көз жұмған.

Әйелдің айтуынша, қайғылы жағдайға аз уақыт қалғанда ол ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Оның сөзінше, ұлының көңіл күйі көтеріңкі болған, әзілдесіп, кейін тағы хабарласатынын айтқан.

Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалып, заттай айғақтар тәркіленген, жанжалға қатысы бар адамдардан жауап алынуда. Марқұмның отбасы істің әділ тергеліп, кінәлі адамның заң аясында қатаң жазалануын талап етуде.

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

«Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізілуде. Қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешені атқарылып жатыр. Тергеу барысы Жетісу облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Желіде тараған ақпарат бойынша күдікті – 17 жастағы оқушы.


 

Войдите, чтобы оставить комментарий