Тоқаев Қорғаныс министрлігінің шығыны мен әскердің жауынгерлік дайындығын талқылады

Тоқаев Қорғаныс министрлігінің шығыны мен әскердің жауынгерлік дайындығын талқылады
Фото: Ақорда

Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза тауып, Қорғаныс министрлігіндегі тексеруден кейін 13 қылмыстық іс қозғалған тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев ведомствоның жаңадан тағайындалған басшыларын қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысымен кездесуге Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қарулы күштер Бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбеков пен министрдің орынбасары Татьяна Савельева келді.

Президент әскердің жауынгерлік дайындығы, әскери жаттығуларды қаржыландыру және Қорғаныс министрлігі бюджетінің орындалуы туралы есептерді тыңдады. Сонымен қатар сарбаздардың жағдайы, әскерді жұмылдыруға дайындық және әскери бөлімдердің өз міндеттерін орындауы талқыланды.

Кездесуде армияның күнделікті қажеттіліктеріне бөлінетін қаржы, әскери инфрақұрылымды жабдықтау, резервтегі әскери қызметшілерді даярлау және әскерді басқару жүйесін жетілдіру мәселелері де көтерілді. Президент қаражатты тиімді жұмсауға, шығындарды негіздеуге және қаржылық бақылауды күшейтуге ерекше назар аударды.

Кездесу соңында Тоқаев әскердің жауынгерлік дайындығын арттыру, оның негізгі қажеттіліктерін қаржыландыру және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану жөнінде тапсырмалар берді.

Айта кетейік, Омарбеков пен Савельева Қорғаныс министрлігіндегі үлкен кадрлық өзгерістерден кейін қызметке келген. Айтқұрман Омарбеков 5 қазанда Бас штаб бастығы болып тағайындалса, Құрылтайдың бұрынғы депутаты, қаржы саласының маманы Татьяна Савельева 7 қазанда Қорғаныс министрінің орынбасары атанды.

Бұл өзгерістердің алдында, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде 14 әскери қызметкер қаза тапқан еді.

Осы оқиғадан кейін, 3 қазанда Тоқаев Бас штаб бастығы Қаныш Әбубәкіровті, Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеевті және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбековті қызметінен босатты. Кейін Ниязбеков қылмыстық іс аясында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін оның бірінші орынбасары да тергеуге алынған болатын.

Ал 6 қазанда президент Қорғаныс министрлігін жан-жақты тексеру үшін құрылған комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Тексерудің алғашқы кезеңінде мемлекеттік мүлікті жымқыру, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және басқа да заңбұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында кемшіліктер анықталып, сарбаздар арасындағы жарғыға қайшы қарым-қатынас пен күш қолдану деректері бойынша да қылмыстық істер қозғалды.

Бұған дейін, 7 қыркүйекте Тоқаев Дәурен Қосановтың орнына Айдос Мырзахметовті Қорғаныс министрі етіп тағайындаған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу