«Анам екеуіміз ғана білетін құпия». Аңсаған туыстарын «Алматыға оқуға түстім» деп алдаған
Стендап-комик Аңсаған Сәдірханов Алматыға оқуға ауыстым деп туыстарын неліктен алдағанын айтып берді. Оқуды тастау туралы шешімін анасынан басқа ешкім білмеген, тіпті бұл сыр қарындасынан да жасырын ұсталған. Туысқандарының күмәнін сейілту үшін ол Алматыға келе салысымен университет алдында суретке түсіп, оларға дәлел ретінде жіберген, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Замандас» подкастында айтты.
«Анама барып: «Алматыға баруға жақсы мүмкіндік шығып тұр, көшуім керек», – дедім. Анам: «Осыған дейінгі екі жылда да мені тыңдамай, өз білгеніңді істедің. Нәтижесі жаман болған жоқ. Осы жолы да саған сенемін, тәуекел ет», – деді. Мен оған: «Бірақ оқуды тастағанымды ешкімге айтпаймыз», – дедім. Оқуды тастаудан басқа амалым болған жоқ. Анам келісіп, екеуміз бұл сырды ешкімге айтпауға уағдаластық. Ал елге «Алматыдағы Аграрлық университетке оқуымды ауыстырдым» деп айтатын болдық. Алматыға табан тіреген алғашқы күні-ақ Абай даңғылының бойындағы Аграрлық университет алдына барып фотоға түстім. Оны туған-туыстарға «Алматыға оқуымды ауыстырдым» деп дәлелдеу үшін жібердім», – деді Аңсаған Сәдірханов.
Ары қарай ол оқудың орнына қандай жұмыспен айналысқанына тоқталды. Алматыға келген соң сценарий жазумен айналысып, «СӘЛЕМ» медиа компаниясында екі жыл бойы SMM маманы әрі сценарист болып қызмет атқарғанын айтты.
«Анам екеуміздің арамыздағы мұндай шынайы сенім мен адалдық әлі күнге дейін сақталған. Ол кезде бұл сырды тіпті туған қарындасым да білген жоқ. Анам маған сенім артып, батасын беріп жіберді. Осылайша 2018 жылы Алматыға біржолата көштім. Алматыда жүріп сценарийлер жаза бастадым. Кейін «Сәлем» медиа компаниясына жұмысқа кіріп, екі жылдай SMM маманы әрі сценарист болып еңбек еттім. Арасында Instagram желісі дами бастады. Өзге блогерлерге вайн сценарийін жазып жүріп: «Мұның бәрін өзім жазып жүрсем, неге өзім түсірмеймін?» деген ой келді. Себебі олардың қаралымын, пікірлерін көргенде «мұны жазған мен ғой» деп іштей қызғаныш пайда болатын», – деді комик.
Сондай-ақ ол кезінде кімдерге вайн жазып бергенін де ашық айтты.
«Негізі жасыратыны жоқ, ол кезде Анара Батырханға, Jokers тобына, Марғұлан Қадырбаевқа және тағы басқа да танымал вайнерлерге сценарий жазатынбыз. Бара-бара олармен жиі кездесіп, жақсы араласып кеттік. Осылайша танымалдылығымыз артып, өнеріміз өрге жүзе бастады», – деді Аңсаған Сәдірханов.
Соңғы жаңалықтар