Әнші Шәріпов авторлық құқық туралы: Бұл — жылайтын нәрсе
«Азия» тобының солисі Ербол Шәріпов тапсырыс берушілермен жұмыс істеу регламенті, отандық композиторлардың әлеуметтік жағдайы және еліміздегі авторлық құқықты қорғау жүйесінің кемшін тұстары туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы әнші «Кездесу» подкастында айтып берді.
Өнер иесінің айтуынша, топ ұжымы жеке немесе тапсырыспен өтетін іс-шараларда кәсіби арақашықтық пен бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтайды. Ол сахна өкілдері үшін тапсырыс берушілермен өзара іс-қимылды арнайы регламент шеңберінде жүргізу маңызды екенін атап өтті.
«Біз бұл жағынан өте тиянақты болдық. Бізді шақырғандарға білгенін істеткізбейтінбіз. Бізде арнайы регламент болды: осындай ән айтамыз, осылай істейміз деген сияқты. Ар қарай құшақтасып кетіп, бірге дастарқандасып кететін әншілерден емеспіз. Сондықтан біз ондай нәрсеге жол бергізген жоқпыз. Бұл — орысша айтқанда, «не позволяли никому». Тек таза регламентпен өзіміздің жұмысымызды жақсы атқарып шықтық», — деді Ербол Шәріпов.
Әнші әуен жазатын авторлардың тұрмыстық және кәсіби жағдайына да тоқталды. Оның пайымдауынша, орындаушылармен салыстырғанда композиторлардың адал еңбегі тиісті деңгейде бағаланбай келеді.
«Негізі, бұл — өте жылайтын нәрсе. Өйткені қаншама композитор бар. Әншілер бұлай ән айтып, әйтеуір нәпақасын тапса, композиторларға өте қиын. Өйткені бұл жерде жағдай жасау деген жоқ. Таза өнер адамының өнерге деген адалдығын көруге болады. Өнерге адал — біздің қазақтың композиторлары шығар деп ойлаймын. Өйткені, шынында да, өнерде ешкім байып жүрген жоқ қой. Бірақ сонда да өз еңбегіне адал», — деді әнші.
Ербол Шәріпов еліміздегі авторлық құқықтарды басқаратын ұйымдардың жұмысын да өткір сынға алды. Ол авторлық қоғамдар арасындағы ішкі келіспеушіліктер салдарынан туынды авторларының тиесілі гонорардан қағылып отырғанын жеткізді.
«Егер қарайтын болсақ, әрине, қазір әншілер біздің заманымызға қарағанда көбірек табады. Дегенмен де, өнер — байитын жер емес. Бізде авторлық құқық өте төменгі деңгейде. Барлық авторлық қоғамдар бір-бірімен таласып, бір-бірін қаралап жатыр. Соның ішінде композитордың нәпақасын ойына алып жатқан ешкім жоқ, бәрі бір-бірінің қалтасын толтыруда. Жоғарыда отырған үлкен кісілер қаншама жылдар бойы біздің ақшамызды ұрлап келген. Осы — жылайтын нәрсе. Мұны сіз өте қатты жүрекке тигізгендей болып кеттіңіз. Неліктен? Өйткені бұл ситуацияға сырттан қарайтын болсам — бұл тек қана... Білмеймін енді», — деді Ербол Шәріпов.
Сөз соңында орындаушы халықаралық стандарттар мен отандық жүйені салыстыра келе, Қазақстанда авторлық құқықты заңнамалық жағынан қорғау тетіктерін күшейту қажеттігін мәлімдеді.
«Әлі де сол композиторлардың нәпақасын ұрлауда. Менің нақты дәлелім жоқ, бірақ түбінде бәрібір бәрі білінеді ғой. Қаншама жылдар бойы композиторлар ұрланып келе жатыр. Маған айтарым — сол. Одан бізге түсетіні — кішкентай тиын-тебендер шығар. Біз сөйтіп қана өзімізше мәз болып жатқан сияқтымыз, бірақ оның бәрін біліп отырмыз. Басқа елдердің барлығында композиторлық, авторлық құқық барынша максималды түрде қорғалған. Ал біздің Қазақстанда әлі де дұрыс қорғалмаған», — деді әнші.
Соңғы жаңалықтар