«Ақ үйде досыңыз бар»: Тоқаевқа Трамптың сәлемдемесі жеткізілді

10.06.2026 16:54 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Ақ үйде досыңыз бар»: Тоқаевқа Трамптың сәлемдемесі жеткізілді
210
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесіп, стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Politico.kz. Бұл маңызды кездесудің жай-жапсары мен ресми ақпаратын Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.

Мемлекет басшысы қазақ-америка байланысының қазіргі деңгейіне оң баға бере отырып, кеңейтілген әріптестікті одан әрі нығайту ниетін нақтылады. Тоқаев – аса маңызды минералдарды игеру ісіндегі C5+1 диалогының маңызына тоқталып, бұл қадам Құрама Штаттардың Орталық Азиямен тығыз байланыс орнатуға деген стратегиялық қызығушылығын көрсететінін жеткізді.

«Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сіз арқылы АҚШ Президенті Дональд Трампқа ыстық ықыласым мен ізгі тілегімді жолдаймын. Жыл соңына қарай біз кездесеміз деп ойлаймын. Сонымен бірге Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Серджио Гор жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, Дональд Трамптың арнайы сәлемін жеткізді. Америкалық дипломаттың сөзіне қарағанда, екі ел арасындағы байланыстың қазіргі қарқыны өте жоғары.

«Сіздің Ақ үйде досыңыз бар деп сеніммен айта аламын. Президент Трамп қызметіңізді айрықша бағалайды. Біз елдеріміздің мүддесі үшін өзара тиімді шешімдер іздеуге ұмтыламыз. Мұны АҚШ пен аймақ елдері арасындағы қарым-қатынастың қарқыны дәлелдейді. Кейінгі жылдың өзінде 20 миллиард доллардан аса сомаға келісім жасалды. Бұл әлі бастауы ғана екеніне сенімдімін. Сіздің жыл соңында өтетін G20 саммитіне қатысатыныңызға өте қуаныштымыз», – деді Арнайы өкіл.

Кездесу барысында тараптар – тек саяси мәселелерді ғана емес, сонымен қатар нақты экономикалық жобаларды да пысықтады. Атап айтқанда сауда-инвестициялық бастамалар, маңызды минералдар, көлік-логистика және цифрландыру салаларындағы бірлескен жұмыстардың келешегі сөз болды.

Бұған қоса Қазақстан тең құрылтайшысы саналатын Бейбітшілік кеңесінің жұмысына да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, ресми Астана халықаралық тұрақтылық пен гуманитарлық бастамаларды ілгерілету ісіне әрдайым өз үлесін қосуға дайын.

Жиын соңында қос тарап өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша пікір алмасып, сан қырлы қазақ-америка ынтымақтастығын әртүрлі бағытта тереңдетуге келісті.

Войдите, чтобы оставить комментарий