Ақбаян Мұқанғалиева ауруханадан шығып, балаларымен кездесті

03.09.2026 14:50 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақбаян Мұқанғалиева ауруханадан шығып, балаларымен кездесті
848
Коллаж Politico.kz/ЖИ

Атырауда күйеуі төрт туысын өлтіргеннен кейін психикалық денсаулық орталығында ем алған Ақбаян Мұқанғалиева ауруханадан шықты. Tengrinews.kz мәліметінше, ол ұзақ үзілістен соң балаларымен алғаш рет жүздескен.

Бұл ақпаратты Атырау облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятова растады. Оның сөзіне қарағанда, әйел ауруханадан шыққан соң балаларына екі рет келіп кеткен. Кездесулер жұмыс уақытынан кейін, кешкі сағат 19:30 және 20:30 шамасында өткен.

«Ол балаларына алғаш рет өткен аптада келді. Ал жақында, бір-екі күн бұрын екінші рет келіп: "Мен ауруханаға тағы 10 күнге жатпақшымын" деді», – деді Құндыз Ғиниятова.

Бұл уақытта мекемеде кезекші тәрбиешілер болған. Олар анасы мен балалардың тілдесуіне жағдай жасаған.

«Оның келмегеніне көп болғандықтан, балаларымен жүздесуге рұқсат бердік. Бетін қайтара алмадық. Балаларын көрсін, олар да анасын күтіп жүр ғой», – деді орталық директоры.

Алайда әйелдің емі әлі де жалғасуы мүмкін. Туыстары оның психикалық денсаулық орталығына тағы 10 күнге жататынын айтқан. Осы кезең аяқталған соң мамандар Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайын қайта бағалайды. Нәтижесі жақсы болса, ол балаларын өзімен бірге алып кетуі ықтимал.

Қазіргі уақытта әйелдің 10, 8, 5 және 4 жастағы төрт баласы бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Үш бала мұнда 2 ақпанда, ал тағы бір қызы 9 сәуірде орналастырылған. 2025 жылы туған 1,5 жасар ең кіші ұлы мамандандырылған балалар үйінде қалып отыр.

Мекеме өкілдері балалардың денсаулығы қанағаттанарлық, ал эмоционалдық жағдайы тұрақты екенін жеткізді. Мектеп жасындағылары оқуын жалғастыруда. 10 жасар қызы 4-сыныпта, 8 жасар ұлы 3-сыныпта оқиды. Мұғалімдер орталыққа арнайы келіп, кесте бойынша сабақ өткізеді.

Ақбаян Мұқанғалиева 10 наурызда Индонезиядан экстрадицияланған соң Атыраудағы медициналық мекемеге жіберілген еді. Кейін 10 сәуірде ол Алматыдағы Сот сараптамасы институтына ауыстырылды. Онда 21 сәуірге дейін амбулаториялық сот психологиялық-психиатриялық сараптамасынан өтті.

Тергеу құпиялылығына байланысты сараптама нәтижесі жарияланған жоқ. Мамыр айының соңында прокуратура әйелдің динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикаға мұқтаж екенін мәлімдеген.

Кейінірек Атырау облысының прокуратурасы қылмыс құрамының болмауына байланысты Мұқанғалиеваға қатысты екі қылмыстық істі тоқтатты. Оның үстінен басқа іс қозғалмаған.

Прокуратураның мәліметінше, екі немесе одан да көп адамды өлтіруге қатысты іс 27 сәуірде жабылған. Ал қылмыс туралы хабарламау ісі бойынша тергеу 24 маусымда тоқтатылған.

Осы оқиғаға кінәлі деп танылған 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев 14 шілдеде өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ерлі-зайыпты 2022 жылдың 22 қарашасында ресми түрде ажырасқан. Соған қарамастан, 2023 жылдың қаңтарында ер адам Ақбаян жалдап тұрған пәтерге көшіп келген.

Сот барысында Сәрсемалиевтің әйелінің төрт туысын аса қатігездікпен өлтіргені дәлелденді. Ол марқұмдарға жалпы саны 60-қа жуық пышақ жарақатын салған.

Войдите, чтобы оставить комментарий