Ақбаян Мұқанғалиева емдеу орталығынан шыққан соң балаларымен қауышты

15.09.2026 06:43 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақбаян Мұқанғалиева емдеу орталығынан шыққан соң балаларымен қауышты
185
Коллаж Politico.kz

Атырау облысында отбасы мүшелерінен айырылған Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен қайта қауышты, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Кездесу кеше, Ақбаян психикалық денсаулық орталығынан шыққаннан кейін өтті. Видеодан бөлмеге кірген балалардың анасын көріп, анашым деп жүгіріп барып құшақтағаны көрінеді. Оның 10, 8, 5 және 4 жастағы 4 баласы бейімдеу орталығында тұрып жатыр.

Туыстарының айтуынша, балаларымен кездесу Ақбаянның қалпына келу жолындағы маңызды қадам болған, олармен араласу оның көңіл күйіне жақсы әсер етеді. Қазір ол туыстарының бірінің үйінде, жақындарының қамқорлығында тұрып жатыр.

«Қазір Ақбаян өзін жақсы сезінеді. Бірақ толық қалпына келуі үшін уақыт керек. Емдеу мен оңалту шараларын жалғастырып жатырмыз. Мұндай жағдайдан кейін адамның қалыпты өмірге оралуы оңай емес, сондықтан жақындарының қолдауы өте маңызды», – деді туыстары.

Әзірге Ақбаянға ата-анасы мен 2 бауырының қайтыс болғанын айтпаған. Жақындары бұл хабар оның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Оған болған оқиғаны қашан және қалай жеткізетінін денсаулығы одан әрі қалпына келген соң шешпек.

Ақбаян күнделікті өмірге біртіндеп оралып келеді. Оның басты тілегі – балаларының жанында болып, алдағы уақытта олармен бірге тұру. Отбасы баспана алуға «Харекет» қайырымдылық қорынан көмек күтеді. Туыстары Ақбаян толық сауығып, балаларымен бірге жаңа өмір бастайды деп үміттенеді.

Атыраудағы отбасы өлімі

Отбасы мүшелерін өлтіру оқиғасы 2025 жылдың соңында Атырау облысының Жангелдин ауылында болған. Сол кезде Ақбаянның ата-анасы, ағасы мен әпкесі қаза тауып, өзі ғана аман қалған.

Осы қылмысқа кінәлі деп танылған бұрынғы күйеуі, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев 14 шілдеде өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Екеуі 2022 жылғы 22 қарашада ресми түрде ажырасқан. Соған қарамастан, 2023 жылдың қаңтарында Сәрсемалиев Ақбаян жалдап тұрған пәтерге көшіп келген.

Ақбаян 10 наурызда Индонезиядан экстрадицияланған соң Атыраудағы медициналық мекемеге жіберілген еді. Кейін 10 сәуірде Алматыдағы Сот сараптамасы институтына ауыстырылып, онда 21 сәуірге дейін амбулаториялық сот психологиялық-психиатриялық сараптамасынан өтті.

Тергеу құпиялылығына байланысты сараптама нәтижесі жарияланған жоқ. Мамыр айының соңында прокуратура оның динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикаға мұқтаж екенін мәлімдеді.

Кейін Атырау облысының прокуратурасы қылмыс құрамы болмағандықтан Мұқанғалиеваға қатысты 2 қылмыстық істі тоқтатты. Ведомство мәліметінше, 2 немесе одан да көп адамды өлтіруге қатысты іс 27 сәуірде жабылған. Ал қылмыс туралы хабарламау ісі бойынша тергеу 24 маусымда тоқтатылған. Оған қатысты басқа іс қозғалмаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий