Ақбота-Нұр: "Берік Айтжановпен бір фильмге түсу – бала күнгі арманым еді"
Qazaqstan ұлттық телеарнасының «1001 түн» бағдарламасына қонақ болған әнші әрі актриса Ақбота-Нұр Сейітмағамбет алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті. Өнер иесінің айтуынша, 2026 жыл ол үшін ерекше жаңалықтарға толы болмақ, деп хабарлайды Politico.kz
Ақбота-Нұрдың сөзінше, жаңа жылы бес бірдей фильмнің жарыққа шығуы жоспарланып отыр. Атап айтқанда, көрермендер Аян Өтепбергенмен бірге түскен «Соңғы махаббат», Дәурен Серғазинмен түскен «Папина дочка», сондай-ақ Берік Айтжановпен бірге ойнаған «Үйлену оңай», «Тау адамы» және «Дальнобойщица» фильмдерін тамашалай алады.
Актрисаның айтуынша, Берік Айтжановпен бір жобада жұмыс істеу – оның көптен бергі арманы болған.
«Бала күнімде Берік Айтжановты “Ағайындылар” фильмінен көріп, осы кісімен бір фильмде ойнасам деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды», – дейді Ақбота-Нұр.
Желі қолданушылары бұл жаңалықты қызу талқылап жатыр. Бірі актрисаның жаңа жобаларына қолдау білдірсе, енді бірі отандық кино саласындағы актерлік құрамға қатысты пікірін жасырмады.
«Ақбота үшін осы бес фильмнің бәрін көремін», «Керемет жаңалық, халықтың көңілінен шығады деп сенемін» деп жазса, кейбір оқырмандар «Бір актерді барлық фильмнен көре беру жалықтырады», «Негізгі рөлдерде кәсіби театр актерлері ойнаса жақсы болар еді» деген сыни пікір қалдырған.
Соған қарамастан, Ақбота-Нұрдың кино саласындағы белсенділігі мен жаңа жобалары көрермен назарын аударып, алдағы премьераларға қызығушылықты арттырып отыр.
Соңғы жаңалықтар