Экс-министрдің күйеу баласы яхтасын 2,4 миллиард теңгеге сатты

Экс-министрдің күйеу баласы яхтасын 2,4 миллиард теңгеге сатты
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың күйеу баласы, Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының бұрынғы топ-менеджері Алдияр Қазтаев өзінің қымбат яхтасын сатып жіберді. Piccolino деп аталатын яхта 4,95 миллион еуроға немесе 2,4 миллиард теңгеге сатылған. Бұл туралы «Выход к морю» Telegram-арнасы жазды.

Арнаның мәліметінше, Алдияр Қазтаев кезінде ERG компаниясының бұрынғы бас директоры Бенедикт Соботканың бірінші орынбасары болған. Ол 2017 жылы 8 миллион еуроға сатып алған яхтасын енді шамамен 1,5 есе арзанға сатқан.

Яхтаның жаңа иесі – Грекияның EKKA Yachts компаниясы. Жаңа қожайын кеменің атауын Piccolino-дан Alein деп өзгерткен. Бұған дейін Мальта туымен жүзген яхта енді Грекия туының астында жүреді. Қазір оны аптасына орта есеппен 75 мың еуроға жалға алуға болады.

Бұл – биыл ERG компаниясының алғашқы акционерлерімен байланысы бар адамдар сатқан үшінші яхта. Бұған дейін Александр Машкевич пен Әлижан Ибрагимовтың мұрагерлері де қымбат яхталарын сатуға шығарған.

Яхтаның қандай ерекшелігі бар?

Piccolino яхтасын Италияның Sanlorenzo кеме жасау компаниясы құрастырған. Кеме тапсырыс берушілерге 2017 жылдың маусымында тапсырылған.

Piccolino атауы итальян тілінен аударғанда «Балақай» деген мағынаны білдіреді. Алайда яхтаның көлемі шағын емес. Оның ұзындығы 29 метрден асады, ал ені шамамен 7 метр.

Кемеде қонақтарға арналған 4 каюта және экипаж мүшелеріне арналған 2 каюта бар. Яхта 8 жолаушыны қабылдай алады.

Оның басты ерекшелігі – жылдамдығы. Қуаты 2 200 ат күшіне жететін екі қозғалтқышының арқасында яхта сағатына шамамен 54 шақырым жылдамдықпен жүзе алады. Бұл теңіз өлшемімен 29 торапқа тең. Ал ұзақ сапарға қолайлы жылдамдығы – 26 торап.

Яхтаны күтіп ұстауға жыл сайын 900 мың еуроға дейін жұмсалған

«Выход к морю» арнасының мәліметінше, Piccolino яхтасы Алдияр Қазтаевтың атына тікелей тіркелмеген.

Ол Мальта мен Ұлыбританияда тіркелген Piccolino Ltd және Piccolino Tender Ltd компаниялары арқылы рәсімделген. Бұл компаниялар Қазтаевтың ата-анасы Аслан Қазтаев пен Ғалия Сарғасқаеваға тиесілі болған.

Мальтадағы компанияның қаржылық есептеріне қарағанда, отбасы яхтаны күтіп ұстауға жыл сайын 400 мыңнан 900 мың еуроға дейін жұмсаған. Сол құжаттарда кеменің бастапқы құны 8 миллион еуро болғаны көрсетілген.

Алдияр Қазтаев кім?

Алдияр Асланұлы Қазтаев – қаржыгер, ERG компаниясының бұрынғы жоғары лауазымды басшысы. Ол 2022 жылдың шілдесіне дейін осы компанияда қызмет атқарған.

Қазтаев ERG-дегі жұмысымен қатар Қазақстан триатлон федерациясын да басқарған. Ал федерацияның құрметті президенті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов болған.

Сол жылдары Қазтаевтың Мәсімовтің кіші қызымен атастырылғаны туралы сыбыс тараған болатын.

Дегенмен, Қазтаевтың ресми жұбайы – Мадина Мұхамеджанова. Ол Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың қызы. Мұхамеджанов әр жылдары Ішкі істер министрлігін басқарған, Маңғыстау облысының әкімі, Сенат депутаты және Қазақстанның шетелдегі елшісі қызметтерін атқарған.

Еуропада 11 миллион еуродан астам қаржы салған

«Выход к морю» арнасының жазуынша, Қазтаев ERG компаниясынан кеткеннен кейін Еуропаға қоныс аударған болуы мүмкін.

2023 жылғы қазанда аталған арна Қазтаевтың Италиядағы ірі инвестициялық жобасы туралы хабарлаған.

Дереккөз мәліметінше, бұрынғы топ менеджер өзінің «Anglo Language Mediterranean Academy SRL» компаниясы арқылы Сардиния аралындағы жобаға 11 миллион еуродан астам қаржы салған.

Жоба аясында жеке халықаралық мектеп, оқу кампусы, бес жұлдызды қонақүй және спорт орталығын салу жоспарланған.

Арна қазақстандық БАҚ-та Қазтаевтың есімі Қазақстаннан миллиардтаған долларды заңсыз шығаруға қатысты қылмыстық іс бойынша аталғанын да еске салды.

Алайда «Выход к морю» бұл ақпаратты растайтын немесе жоққа шығаратын ресми хабарлама таба алмағанын жазды. Қылмыстық істің аяқталғаны туралы да ресми мәлімет болмаған.

ERG акционерлерімен байланысты басқа яхталар

«Выход к морю» мәліметінше, Қазтаевтың яхтасы ERG компаниясының алғашқы акционерлерімен байланысты адамдар сатуға шығарған кемелердің бірі.

Бұған дейін Еуразиялық топтың негізін қалаушылардың бірі Александр Машкевичтің мұрагерлері отбасылық «Lady Lara» яхтасын сатуға шығарған.

Оның бағасы 230 миллион еуро деп белгіленген.

Ал Машкевичтің ERG компаниясындағы серіктесі Әлижан Ибрагимовтың отбасына тиесілі «I Dynasty» яхтасын брокерлер 240 миллион еуроға бағалаған.

Дереккөздің жазуынша, бұл екі яхта қайталама нарықтағы ең қымбат ұсыныстардың қатарында тұр.

Айта кетейік, бұған дейін Латвияда қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың бұғатталған активтеріне қойылған шектеулер алынғаны белгілі болған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу