Ақмолада 1975 жылдан бері жол ережесін бұзбаған жүргізуші тоқтатылды
Астана мен Петропавл тасжолында полицейлер 1975 жылдан бері көлік жүргізіп келе жатқан және ешқашан жол ережесін бұзбаған зейнеткерді тоқтатып, оған алғыс хат табыстады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Ақмола облысындағы республикалық маңызы бар тасжолда “Үлгілі жүргізуші" акциясын өткізіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтайтын көлік иелерін марапаттады.
Полиция өкілдері шара барысында өңір тұрғыны Григорий Пономаревті тоқтатып, оның көпжылдық тәжірибесіне ерекше құрмет көрсеткен.
Бұл азамат алғаш рет көлік рөліне 1975 жылы отырған және содан бері бірде бір рет тәртіп бұзбаған екен. Үлгілі зейнеткер өз кезегінде басқа жүргізушілерді де жолда барынша мұқият болуға шақырды.
Тәртіп сақшылары мұндай шараның алғаш рет өткізіліп жатқанына қарамастан жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Аталған бастама тәртіпті азаматтарды ынталандыру арқылы жауапкершілікті арттыруға және көлік апаттарының алдын алуға бағытталған.
Соңғы жаңалықтар