Ақтауда гүлді тегін таратқан кәсіпкерге айыппұл салынды

17.06.2026 19:20 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтауда гүлді тегін таратқан кәсіпкерге айыппұл салынды
190
Рұқсатсыз гүл таратқан кәсіпкер жауапқа тартылды

Ақтау қаласында жаппай іс-шара кезінде тұрғындарға тегін гүл таратқан кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 13 маусым күні Ақтау жағалауында өткен ашық аспан астындағы би кешінде болған. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында әкімдік қызметкерлері кәсіпкердің іс-шара қатысушыларына гүлдерді тегін таратқанын анықтаған.

Тексеру нәтижесінде кәсіпкердің мұндай акцияны өткізу үшін жергілікті атқарушы органнан алдын ала рұқсат алмағаны белгілі болды. Осыған байланысты ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен учаскелік полиция инспекторлары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

Енді кәсіпкерге 20 АЕК көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынуы мүмкін.

Қала әкімдігі қоғамдық орындарда жарнамалық акциялар өткізу, сондай-ақ гүл, азық-түлік, киім-кешек және басқа да тауарларды тегін тарату үшін міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімін алу қажет екенін ескертті. Талаптарды сақтамаған жағдайда ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Войдите, чтобы оставить комментарий