Ақтөбеде 12 жастағы қыздың жағын сындырып қашып кеткен велокурьер іздестіріліп жатыр

31.07.2026 16:17 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде 12 жастағы қыздың жағын сындырып қашып кеткен велокурьер іздестіріліп жатыр
78
Фото: acelawgroup.com

Ақтөбеде велосипед мінген курьер 12 жастағы қызды қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Апат салдарынан зардап шеккен жасөспірімнің жоғарғы жағы мен бет сүйегі сынып, алдыңғы тістері түсіп қалған. 

Бұл оқиға туралы зардап шеккен баланың анасы әлеуметтік желіде жазба жариялап, халықтан көмек сұрады. Оның айтуынша, жағдай 30 шілде күні сағат 18.00 шамасында Әбілқайыр хан даңғылы, 84 мекенжайындағы Сазды аялдамасының маңында болған.

«Ломбардқа қарама-қарсы тұста қатты жылдамдықпен келе жатқан велокурьер велосипед теуіп жүрген 12 жастағы қызымды қағып кетті. Ол соқтығысқаннан кейін тоқтамаған, балаға көмек көрсетпестен оқиға орнынан қашып кетті. Қызым жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлер оның жоғарғы жағы мен бет сүйегінің сынуы, алдыңғы тістерінің түсуі диагнозын қойды, енді оны ұзақ ем күтіп тұр», – деп жазды қыздың анасы.

Анасы оқиғаны көрген, видеоға түсіріп алған немесе қандай да бір ақпарат білетін куәгерлерден кінәлі адамды табуға жәрдемдесуді өтінді.

Ақтөбе облысының полиция департаменті қазіргі таңда тәртіп бұзушыны іздестіру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

«Полиция кәмелетке толмаған қыз бен велокурьер қатысқан оқиға фактісі бойынша курьердің жеке басын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта оқиға болған аумақта орналасқан бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттелуде, ал құқық бұзушының кім екені анықталғаннан кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар қабылданатын болады», – деп хабарлады полициядан редакциямызға.

Войдите, чтобы оставить комментарий