Ақтөбеде белгілі ғалым малшыны сабап тастады деген дау шықты

25.08.2026 12:29 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде белгілі ғалым малшыны сабап тастады деген дау шықты
270
Фото: aqbas.kz.

Ақтөбе облысында мал дауынан кейін бақташыны ұрып-соқты деген күдікке өңірге белгілі ғалым ілінді. Жәбірленуші ықпалды адамның жазадан сытылып кетуінен қауіптеніп отыр. Бұл туралы Hronika.kz басылымы жазады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға осы жылдың шілде айында Алға ауданында болған. Бақташы Арыстанбек Бахилин жайылымда бірнеше бұзауын жоғалтып алады. Кейін малдың «Өтеғұл-1» шаруа қожалығының табынына қосылып кеткені анықталған. Жәбірленуші бұзауларын қайтарып алуға барғанда қожалық басшысы Өтеген Жақыпов бөтен малды беруден бас тартқан. Іс материалдарына сүйенсек, сөзге келіспей қалған ер адамдардың жанжалы төбелеспен аяқталған.

Қазіргі уақытта полиция Өтеген Жақыповқа қатысты Қылмыстық кодекстің 109-бабы бойынша іс қозғады. Бұл бап "ұрып-соғу" әрекеттерін қарастырады. Алайда таяқ жеген бақташы өзін қожалық басшысымен бірге тағы екі адам жабылып ұрғанын айтады. Бірақ тәртіп сақшылары әзірге оларды күдіктілер қатарына қосуға асығар емес.

«Жақыпов – ақшасы мен беделі бар адам. Оның ауданда салмағы зор. Ол жазадан құтылып кете ме деп уайымдаймын, онымен қоймай мені кінәлі етіп қоюы да мүмкін», – деді бақташы.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда Өтеген Жақыпов Ақтөбе өңіріне танымал ғалым әрі малбегі. Ол филология ғылымдарының кандидаты, доцент және қазақ әдебиеті саласының ғылыми қызметкері.

Ғалым ақын Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығын жан-жақты зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған. Өңірдің рухани-мәдени өміріне белсене араласатын азамат мемлекеттік марапатқа ие болған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Қазір ол Алға ауданындағы «Өтеғұл-1» шаруа қожалығын басқарады.

Басылым тілшілері оқиғаға қатысты Өтеген Жақыповтың өзінен жауап алуға тырысқан. Алайда ол телефон қоңырауын тұтқаны қоя салып үзіп тастаған. Ал WhatsApp желісі арқылы жіберілген хабарламалар оқылғанымен, оған ешқандай жауап келмеген.

Войдите, чтобы оставить комментарий