«Қайыршыдан ақша сұрайтындай жынды емеспін»: Садыр Жапаров Мұхтар Әблязовтың масқарасын шығарды

«Қайыршыдан ақша сұрайтындай жынды емеспін»: Садыр Жапаров Мұхтар Әблязовтың масқарасын шығарды
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Super.kg порталына берген сұхбатында қазақстандық қашқын оппозиционер әрі банкир Мұхтар Әблязовтың өзі туралы айтқан мәлімдемелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін Әблязов Жапаровты бұрыннан танитынын, 2020 жылы онымен телефон арқылы 40 минут бойы сөйлескенін және сол кезде Қырғызстан президенті одан ақша сұрағанын алға тартқан болатын.

Мемлекет басшысы бұл сөздердің барлығын негізсіз жала деп атады:

«Мен Әблязовпен бұрыннан таныс түгілі, оның «Ә» әрпін де танымайтын едім. 2020 жылғы қазан айындағы оқиғалар кезінде жанымда жүрген Мелис Аспеков телефон ұсынып: «Мұхтар Әблязов сөйлесуді сұрап жатыр» деді. Ештеңеден күдіктенбей тұтқаны алдым. Ол мені 1-2 минут мақтады. «Қырғыздар жарадыңдар, үшінші революцияны жасадыңдар, біз қазақтар ештеңе істей алмай отырмыз. Сондықтан сізден көмек сұраймын, рұқсат берсеңіз Бішкекке ұшып келіп, сол жақтан Қазақстандағы революцияны ұйымдастырайын» деді. Оның сөзін тыңдап болып: «Біріншіден, көрші елдердің саясатына араласпаймын. Екіншіден, сіз үшін Қазақстанмен қарым-қатынасымды бұзбаймын. Бішкекке келмей-ақ қойыңыз, өз ісіңізбен айналысыңыз» деп нақты жауап қайтардым. Барлығы екі минуттай ғана уақытты алды. Ол айтқандай 40 минут емес», — деді Садыр Жапаров.

Сондай-ақ Қырғызстан басшысы Әблязовтан қаражат сұрағаны туралы айыптауларды жоққа шығарды:

«Алаяқ болса, айта береді де. Ол уақытта 40 минут түгілі, 4 минут сөйлесетін бос уақытым жоқ еді. Ақша сұрады дегені – қып-қызыл өтірік. Өзі Франциядағы өмірі үшін қазақ халқынан теңге сұрап, қайыршылық күй кешіп жүрген адамнан менің ақша сұрағаныма кім сенеді? Түрмеден шығарып, президенттік таққа отырғызған халық мені ақшасыз-ақ сайлап алары анық еді», – деп түйіндеді президент.

Садыр Жапаров мұндай алыпқашпа әңгімелерге бас қатыруға уақыты жоқ екенін және қазіргі қоғам саяси жағдайды жақсы түсінетіндіктен, жалған ақпаратқа ермейтініне сенімді екенін атап өтті.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу