Ақтөбеде ер адамнан ақша бопсалаған әйел ұсталды
Ақтөбеде 54 жастағы ер адамнан ақша бопсалаған келіншек ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz
Ақтөбеде оңай олжаға кенелмек болған 28 жастағы келіншек қылмыс үстінде қолға түсті. Ол 54 жастағы ер адамнан «зорлады» деп жала жауып, үстінен арыз жазбау үшін қомақты қаражат талап еткен.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, күдікті ер адамнан 450 мың теңге бопсалаған. «Ақшаны бермесең, полицияға барып, мені зорлады деп арыз жазамын» деп қорқытқан ол өз мақсатына жету үшін психологиялық қысым көрсеткен.
Алайда бопсалаушының арам ойы жүзеге аспады. Полиция қызметкерлері арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, бойжеткенді дәл ақшаны алып жатқан сәтінде қолға түсірді.
Күдікті полиция бөліміне жеткізіліп, бопсалап алған қаражат заттай дәлелдеме ретінде тәркіленді. Тергеу барысында ұсталған азаматша өз кінәсін толықтай мойындады. Ол мұндай қылмыстық қадамға баю мақсатында, яғни пайдакүнемдік ниетпен барғанын айтқан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Заңға сәйкес, қорқытып алушылық қылмысы үшін қатаң жаза қарастырылған. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар