Ақтөбеде хиджабтағы қыздар iPhone ұрлады

26.01.2026 17:17 Нақыпбек Фатима Нақыпбек Фатима
Ақтөбеде хиджабтағы қыздар iPhone ұрлады
184
Фото: бейнеден кадр

Ақтөбе қаласындағы сауда орталықтарының бірінде бірнеше iPhone телефонын қолды қылған хиджабтағы екі қыз ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz

Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында қымбат гаджеттерді жымқырған жергілікті тұрғындарды анықтады. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен Ақтөбе қаласының 19 және 20 жастағы екі тұрғыны қолға түсті.

Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында орын алған болатын. Сауда үйіндегі бутиктердің бірінен белгісіз тұлғалар бірнеше ұялы телефонды ұрлап кеткені туралы ақпарат түскен. Бейнежазбаларға сүйенсек: 28 желтоқсан күні хиджаб киген екі бойжеткен сауда сөресіне еркін жақындап, екі құрылғыны байқатпай алып кеткен. Арада үш күн өткен соң сөренің әлі де ашық тұрғанына көз жеткізген олар сол жерге қайта келіп, дәл сондай әдіспен тағы бір iPhone телефонын жымқырған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында ұсталғандар өз кінәларын толықтай мойындады. Олардың айтуынша: ұрланған мүліктер ломбардқа өткізіліп, одан түскен қаражат жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Айта кетерлігі: мұндай қылмыстық әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамада мүлкін тәркілеумен қатар, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий