Арзан жанармай іздеген ресейлік жүргізушілер Қазақстанға ағыла бастады
Ресейде жанармай тапшылығы мен бағаның өсуіне байланысты жергілікті жүргізушілер Қазақстанға келіп бензин құя бастады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Newtimes.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта көрші елдің оңтүстік аймақтары мен Сібірдегі жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, жүргізушілердің сағаттап, тіпті тәуліктеп күтуіне тура келуде. Осы тапшылық салдарынан автотасымалдаушылар 1 шілдеден бастап тарифтерді кемі 10%-ға өсіруді жоспарлап отыр, өйткені дизель отынының литрі 70–72 рубльден (431,9–444,2 теңге) бірден 77–90 рубльге (475,1–555,3 теңге) дейін қымбаттады. Шығынды азайтқысы келген көлік компаниялары рейстерін жанармай жеткілікті әрі арзан Қазақстан арқылы өткізуге көшті.
"Ресейдің шекаралас аймақтарында тұратын азаматтар Қазақстанның жанармай бекеттеріне жиі келе бастады", — деді талдықорғандық автосарапшы Әділ Бейсенбаев.
Осындай жүргізушілердің бірі көлігіне бензин құю үшін Самарадан Орал қаласына арнайы келген.
"Қазақстанда бензин екі есеге жуық арзан, кезек жоқ және бекеттердің жанында рубльді теңгеге бірден айырбастауға болады", — деді ресейлік азамат.
Ресейдегі бұл жағдай нарықта «жанармай туризмі» деген жаңа ұғымның қалыптасуына түрткі болды, ал мәселе тұрақталмаса, қазақстандық бекеттерге ағылатын ресейлік жүргізушілер қатары бұдан да көбеюі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар