«Астана банкінің» сотталған экс-басшысына тиесілі сыра зауыты 6,4 млрд теңгеге сатылып жатыр

08.06.2026 14:56 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Астана банкінің» сотталған экс-басшысына тиесілі сыра зауыты 6,4 млрд теңгеге сатылып жатыр
239
Фото: ашық дереккөз
Павлодарда сотталған экс-банкирдің сыра зауыты сатылып жатыр.

Павлодарда «Астана банкі» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Олжас Тоқтаровтан тәркіленген «Жана роса» сыра зауытының мүліктік кешені аукционға қойылды. Бағаны көтеру әдісімен өтетін сауда-саттық 9 маусымда басталады, ал нысанның бастапқы құны 6,4 млрд теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Олжас Тоқтаров 2025 жылдың сәуір айының соңында банк қаржысын жымқырып, Алматыдағы бизнес-орталықты заңсыз аударғаны үшін сырттай 10 жылға сотталған еді. Сот үкімімен оның 14 млрд теңгеден астам соманың мүлкі, соның ішінде тұрғын үйлері, әкімшілік ғимараттары, бағалы қағаздары мен криптовалютасы тәркіленді. Сатылымға шыққан сыра зауыты да осы тізімде, өйткені экс-банкир бұл кәсіпорынды өз банкінің есебінен туыстарына рәсімдеп алған.

Тергеу материалдарына сүйенсек, «Астана банкі» зауыт мүлкін сатып алу үшін «Жана роса» серіктестігіне 1,8 млрд теңге несие беріп, компанияның жарғылық капиталына тағы 400 млн теңге құйған. Бұл қарыз ешқандай жеткілікті кепілсіз әрі қаржылық кепілдіксіз, кәсіпорынның шығынға батып тұрғанына қарамастан заңсыз берілген. Құжат жүзінде зауыт басқа адамға жазылғанымен, оны іс жүзінде Тоқтаровтың әкесі – бұрынғы депутат Тәңірберген Тоқтаров басқарып, басшылық қызметтерге банктің бұрынғы қызметкерлері тағайындалған.

Бұдан бөлек, аталған компания «Торговый дом ЭкоФуд» фирмасының 350 млн теңгелік несиесіне кепілгер болған. Кейін банк банкротқа ұшырағанда, бұл қарызды талап ету құқығы «Astana LRT» қаржысын қайтарумен айналысатын құрылымдарға өтіп, 2021 жылы олардан 259 млн теңге өндірілді.

Олжас Тоқтаровтың сыра зауытынан бөлек Алматыдағы «Эдельвейс» шағын ауданындағы үйі, Астанадағы жер телімі және Кабдолов көшесіндегі тағы бір ғимараты тәркіленді. Бұл ғимарат сот шешімімен Астананың қоғамдық көлік операторы «City Transportation Systems» компаниясына өтеді. Сондай-ақ оның «Freedom Finance Credit» ұйымының номиналы 1000 теңгелік 5 млн дана облигациясы мен Binance биржасындағы $4924 көлеміндегі криптовалютасы мемлекет меншігіне өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий