Астанада 7 жылдан кейін алғашқы үлкен әскери парад өтті: оған 2,5 млрд теңге жұмсау орынды ма?

Астанада 7 жылдан кейін алғашқы үлкен әскери парад өтті: оған 2,5 млрд теңге жұмсау орынды ма?
07.05.2025 14:32
0
296
Ақорда

Жеті жылдан кейін алғаш рет әскери парад ұйымдастырылды - билік мұндай салтанаттың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

7 мамыр күні Астанада жеті жылдан кейін алғаш рет ауқымды әскери парад өтті. Бұл шеру Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгеннен бергі алғашқы әскери парад. Мыңдаған әскери қызметкер, жүздеген әскери техника мен авиация қатысқан бұл шараға 2,5 млрд теңге бөлінді.

Салтанатты шеруге 4 000-нан астам әскери қызметкер, 200-ден аса жерүсті техника және 66 әскери ұшу аппараты – фронттық, армиялық және әскери-көлік авиациясы қатысты. Бұл – Қазақстанда 2018 жылдан бері алғаш рет ұйымдастырылған әскери парад.

Тоқаев тұсындағы алғашқы парад: неге жеті жыл бойы парад болған жоқ?

2025 жылғы 7 мамырда Қазақстан әскерлері алғаш рет Қасым-Жомарт Тоқаевқа парадқа дайын екенін баяндады. Оның алты жылдық президенттік мерзімі ішінде Қазақстанда бірде-бір әскери шеру өткізілмеген еді.

Ел есінде қалған соңғы парад 2018 жылы өткен. 2019 жылы оны «Айбалта 2019» атты ірі әскери оқу-жаттығу ауыстырды. Ал 2020–2021 жылдары парад COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылды. 2022–2024 жылдары парад бюджет шығынын қысқарту мақсатында өтпей қалды, әсіресе елдегі жойқын су тасқындарының салдарын жоюға қаржы бағытталған.

Алайда 2025 жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мемлекеттік күн тәртібінде маңызды орын алатынын атап өтті. Ол қазақстандықтардың нацизмді жеңудегі рөлі мен соғыс кезінде еліміздің сенімді тыл болғанын еске салды.

– Жеңіс мерейтойын мерекелеу жоспары өте ауқымды. Орталық шара - Астанадағы әскери парад болады. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіледі, ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Концерттер мен көрмелер ұйымдастырылады, деректі фильмдер мен телебағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар жарық көреді, жауынгерлеріміздің есімін ұлықтау жұмыстары жалғасады, – деді Мемлекет басшысы.

Осылайша, 7 мамыр күні Астанадағы «Қазақ Елі» монументі орналасқан Тәуелсіздік алаңында өткен әскери парад Жеңістің 80 жылдығына арналған басты шара болды. Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Виталий Адамовичтің айтуынша, парад үш кезеңге бөлінді:

  • бірінші кезең – тарихи және заманауи бөлімнен тұратын жаяу шерулер;
  • екінші кезең – механикаландырылған колонналардың жүруі (тарихи және қазіргі бөлім);
  • үшінші кезең – авиацияның ұшып өтуі.

Айрықша тұстардың бірі – әскери қызметкерлердің Ұлы Отан соғысы кезіндегі форма киіп шығуы және Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік туларының көрсетілуі. Сонымен қатар, Т-34 танкісінде Қарулы Күштердің музейінде сақталған Жеңіс туының көшірмесі көтерілді.

Қорғаныс министрлігі парадқа республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл қаражат жанармайға, қосалқы бөлшектерге, жол шығындарына, әскерлерді тасымалдауға және киім тігумен байланысты шығындарға жұмсалды.

2,5 млрд теңге – бұл артық шығын ба?

Жеті жылдан кейін елімізде қайтадан ауқымды әскери парад өткізілді. Дегенмен, 2,5 млрд теңге көлеміндегі шығынға байланысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатыр. Әсіресе, президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік шығындарды оңтайландыру қажеттігін жиі көтеріп жүрген кезде, мұндай іс-шаралардың қаншалықты орынды екені туралы сұрақтар туындайды.

Бұл мәселеге қатысты Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов түсініктеме берді:

– Форумдар мен парадтар - мемлекеттің беделін арттырып, танымалдылығын күшейтетін және инвестиция тартуға ықпал ететін шаралар. Ал бір-екі не үш миллиард теңге деген сомалар Қазақстан экономикасы үшін үлкен емес, – деді ол парламент кулуарында.

Дереккөз: CMN.KZ

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий