Астанада донер жарнамалаймын деп полицейді алдаған блогерлер қамауға алынды

22.05.2026 17:18 Арман Ермеков
Астанада донер жарнамалаймын деп полицейді алдаған блогерлер қамауға алынды
65
Фото: Бейнеден алынған кадр

Елордада донер жарнамасы үшін полицейге пранк ұйымдастырып, суға батып бара жатқан адамның кейпін танытқан блогерлер 15 тәулікке дейін қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Астаналық блогер Аппаз Серікұлы өзінің Instagram парақшасында шаурма дайындайтын тамақтану орнымен бірлесіп түсірген видеосын жариялаған. Желіде таралған кадрларда бір топ адам Ескек есу каналының жанынан өтіп бара жатқан құқық қорғау органы қызметкерінен суға батып бара жатқан жігітке көмектесуді сұрайды. Қызметіне бет алған мамандандырылған күзет қызметінің өкілі еш ойланбастан бірден суға секіріп, зардап шегушіні жағаға алып шыққан.

Құтқару операциясы сәтті аяқталғаннан кейін ролик авторлары мұның жай ғана әлеуметтік эксперимент екенін және суға батқан адамның кәсіби жүзуші болғанын мойындаған. Олар тәртіп сақшысының ерлігі үшін оған жарнамаланған тамақтану орнына отбасымен баруға арналған сертификат табыстаған.

Алайда бұл пранк әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырып, оқырмандардың бір тобы полицейдің жылдам әрекетін мақтаса, енді бірі бұл әзілдің орынсыз екенін айтып, авторларды жауапқа тартуды талап еткен.

Қалалық полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бұл оқиғаны анықтап, тәртіп сақшысын тексермек болған жігіттерді ұстады. Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін көрініс авторы мен оған қатысқан адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісінше 15 және 10 тәулікке қамауға алынды.

«Мұндай әрекеттерге жол берілмейді және қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланады», – деді Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамдық тәртіп пен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, шұғыл қызметтердің жұмысына жауапкершілікпен қарауға және өздеріне қауіп төндірмеуге шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий