«Ресейде оған ешкім тиіспес еді»: есірткімен ұсталған Navai-ды Мәскеу не үшін қорғап жатыр?

«Ресейде оған ешкім тиіспес еді»: есірткімен ұсталған Navai-ды Мәскеу не үшін қорғап жатыр?
Фото: ашық дереккөз

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Алматыдағы Бас консулдықтың рэпер Navai-дың ұсталуына байланысты Қазақстанға не себепті нота жолдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz. 

Бұған дейін ресейлік актриса Яна Поплавская өзінің Telegram-арнасында Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығын қатаң сынға алған болатын. Ол есірткі ісі бойынша екі айға қамалған музыкант үшін Қазақстанның СІМ-не нота жолдау орынсыз деп санаған.

«Кім екенін есіме түсіре алмай отырсам, көктемде Мәскеуде аса қымбат көлікті соққан рэпер екен ғой. Анықталғандай, нашақор рэпер.  Ал Ресейде оған ешкім тиіспес те еді. Қазақстандық құқық қорғау органдарына нота емес, қырағылығы мен есірткі қылмысына төзбеушілігі үшін құрмет білдіру керек», – деп жазды ол.

Актрисаның бұл мәлімдемесіне Мария Захарова өз Telegram-арнасында жауап берді. Ол Ресей Конституциясына сәйкес мемлекет өз азаматтарын елден тыс жерлерде де қорғауға және қамқорлық танытуға міндетті екенін еске салды.

«Консулдар шетелдегі кез келген күрделі жағдайға араласуға міндетті. Бұл ретте нота жолдау – стандартты рәсім, дипломатиялық хат-хабар алмасу аясында барған елдің билігімен өзара іс-қимылдың негізгі тетігі саналады», – деп атап өтті Захарова.

Navai-дың Қазақстанда ұсталуы

Еске сала кетейік, 14 қазанда Жамбыл облыстық полиция департаменті танымал рэпер Navai-дың есірткі контрабандасы күдігімен ұсталғанын хабарлаған еді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, әнші уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Рэпердің директоры Рауф Гусанов оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартса, оның анасы бұл жағдайды «аяқтан шалу» деп атап, ұлының жақын арада бостандыққа шығатынына сенім білдірді.

Бұл оқиға көрші елде де резонанс тудырды. Қырғызстанның Шекара қызметі музыканттың шекарадан есірткімен қалай өткенін анықтау үшін қызметтік тексеру бастады, кінәлілер жазалануы мүмкін.

15 қазанда соттың санкциясымен рэпердің екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Жамбыл облысының полициясы растады. Содан кейін Ресейдің Бас консулдығы Қазақстан СІМ өкілдігіне нота жолдады. Өз кезегінде Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы бұл консулдық жұмыстағы қалыпты тәжірибе екенін мәлімдеді.

Ал Navai-дың адвокаты Рена Керимова қорғаушылар тарапы қамау жазасын айыппұлмен алмастыруға барынша күш салатынын жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу