Астанада тағы бір велосипед мінген бала жүк көлігінің астына түсті

30.05.2026 14:34 Қарақат АСЫЛОВА
Астанада тағы бір велосипед мінген бала жүк көлігінің астына түсті
223
Астанадағы жүк көлігі оқиғалары тоқтар емес

Астанада велосипед мінген жасөспірімнің қатысуымен тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға Тілендиев даңғылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісі жанармай құю бекетіне қарай оңға бұрылған сәтте велосипедпен келе жатқан баланы байқамай қалған. Сол уақытта жасөспірім велосипедтен түспестен жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өтпек болған.

Салдарынан бала түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы нақтыланып жатыр. Оқиғаға байланысты тиісті тексеру басталып, апаттың нақты себептері анықталуда.

Бұл жағдай елордада жуырда болған қайғылы оқиғадан кейін орын алды. Бұған дейін Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында бетон араластырғыш көліктің астына түскен велосипед мінген мектеп оқушысы көз жұмған еді.

Соңғы күндері болған екі оқиға велосипед мінген балалардың қауіпсіздігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Мамандар ірі жүк көліктерінің жанында ерекше сақтық таныту қажеттігін айтып, ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін мұқият түсіндіруге шақырып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий