Астанада Tesla тізгінінде қашпақ болған 14 жастағы оқушы ұсталды
Астанада полицейлер тізгінінде 14 жастағы жасөспірім отырған Tesla электромобилін тоқтатты, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Оқушы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Тәртіп бұзушылықтар қалалық жедел басқару орталығының камералары арқылы тіркелген. Полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабына жүргізуші бағынбай, қашып кетуге әрекет жасаған. Көлік ішінде онымен бірге тағы бір кәмелетке толмаған жасөспірім болған.
Анықталғандай, бұл алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де осы автокөлікпен қауіпті маневрлер жасап, бірнеше рет жол ережесін бұзғаны тіркелген. Кейін көлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Полиция жасөспірімге жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін, сондай-ақ көлікті басқаруды құқығы жоқ адамға бергені үшін әкімшілік хаттамалар толтырды. Сонымен қатар, оның ата-анасы баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару заңға қайшы екенін және бұл өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертті.
Соңғы жаңалықтар