Астанадағы өрттен қаза тапқан үш баланы әкесі жер қойнына тапсырды

14.04.2026 12:21 Әсел Мұрат
Астанадағы өрттен қаза тапқан үш баланы әкесі жер қойнына тапсырды
1353
Фото: NewTimes.kz

Астанада «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрттен көз жұмған балаларды әкесі жер қойнына тапсырды. Үлкені 13 жастағы қыз болса, онымен бірге 8 жастағы сіңлісі мен екі жасар інісі де қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz. «NewTimes.kz»-ке сілтеме жасап.

«Бүгін әпкемнің үш бірдей баласын жерледік. Қайғылы оқиғадан бері өз-өзімізге келе алмай жүрміз. Кейде біз шамадан тыс нәрсе сұрап, қолда бардың қадірін білмейміз. Балалардың, ата-ананың, жақын жандардың амандығын бағалау керек. Барға шүкір ету қажет», – деді марқұм балалардың нағашы әпкесі.

Зардап шеккен отбасының туыстарының айтуынша, үш баланың анасы – 39 жастағы Жанаргүл ғана аман қалған. Қазір ол ауыр жағдайда жатыр.

Әйел әлі есін жимаған, болған қайғылы жағдайдан бейхабар.

«Дәрігерлер бар күшімізді саламыз деді. Әзірге нақты ештеңе айта алмай отыр. Денесінің 50 пайызы күйген. Біз тек Алладан үміт күтеміз», – дейді туыстары.

Жанаргүл кәсіпкерлікпен айналысқан, аяқ киім сатқан. Ол – Қытайдан көшіп келген этникалық қазақ. Отбасындағы тұңғыш қызы Айзере ерекше күтімді қажет ететін бала болған. Жанаргүл балалардың әкесімен бірге отбасының тұрмысын қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек еткен.

«Мен Айзереге емдік дене шынықтырудан жаттықтырушы болдым. Бүгін балаларды жерледік. Қайғыдан қан жұтқан әкені көру өте ауыр. Айзере кеше ғана анасынан бір елі ажырамай жүрген еді, бүгін ол жоқ. Аналары Жанаргүл тезірек сауығып кетсін», – деді емдік дене шынықтыру жаттықтырушысы Берік Адам.

Бұған дейін Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде аулаға кіреберісті бөгеп тұрған көлік салдарынан өрт сөндірушілер 20 минут бойы кіре алмағаны хабарланған еді. Құтқарушылар жанып жатқан пәтерге жеткенде тым кеш болған. Үш бала қаза тапты.

Өрт сөндірушілердің аулаға кіруіне кедергі келтірген көлік иесі әкімшілік жауапқа тартылды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий